Тест тапсырып, тәжірибе алмасты
Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Қазтест жүйесінің ерекшелігі және тест тапсырмаларын орындау әдістері» атты әдістемелік семинар өткізілді. Семинардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, ересек тұрғындардың тілдік білім сапасын арттыру, Қазтест жүйесі туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары болса, бұл тұрғыда тілдерді дамыту жөніндегі бас маман аудан бойынша Қазтест жүйесімен тест тапсырушыларға сараптама, талдау жұмыстарының көрсеткіші, тіл меңгеру әдістемелеріндегі бағалаудың орны мен мазмұны, оның ерекшеліктері туралы айта келіп, Қазтест жүйесінің ерекшелігі туралы толық таныстырды. Сондай-ақ, тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Ж.Жақанова бұл жүйенің (тыңдалым, оқылым, жазылым және лексика-грамматикалық) бөліктеріне арналған тапсырмалардың қарапайымынан күрделіге негізделген қағидатын саралап түсіндірді.
Іс-шара соңында семинарға қатысушылар тест тапсырмаларын орындап, тәжірибе алмасты.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында 2020 жылдарға қарай қазақстандықтардың 95%-ы қазақ тілін білуі тиіс деген тапсырмасын орындау, сонымен қатар Мемлекеттік бағдарламаның басты нысаналы индикторлардың бірі – мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі аудан бойынша 2016 жылға қарай – 60%, 2018 жылға қарай – 65%, 2020 жылдарға қарай – 70 % жеткізу міндеті тұр. Бұл көрсеткіштер «Қазтест» жүйесі бойынша сынақ нәтижесі арқылы қол жеткізілу көзделген.
Мемлекеттік тілді меңгерудің нысаналы индикаторлардың басты көрсеткіші ҚАЗТЕСТ сертификаты болып табылатындықтан, ауданда 2013 жылдан бастап 2016 жылдың І ж.ж. дейін 320 азаматтық және мемлекеттік қызметші «Қазтест» жүйесі арқылы тестілеуден өткен. Оның тек 16-сы ғана сертификаттық тест екендігін атап өткен жөн.
Облыс әкімдігінің 2015 жылдың 28 шілде айындағы №2-3.62 хаттамалық шешімімен берілген мемлекеттік бағдарламадағы нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2016-2020 жылдарға арналған жоспарды бекіту туралы тапсырмасын орындау барысында аудандық әкімдікке қарасты мекемелердің мемлекеттік қызметшілері, өңірлік мекемелердің мемлекеттік қызметшілері, мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің қызметкерлерін қатыстырылуымен 2016 жылы – 90 адам, 2018 жылы – 110 адам, 2020 жылдарға қарай 220 адамды «Қазтест» жүйесі негізінде тест тапсыру жұмыстары жоспарланған.
Г.Оңалсынқызы.
АБАЙ ауданы.