«Террикон алқабындағы» теңдессіз мүмкіндік
Күн өткен сайын технология ғарыштық жылдамдықпен дамып, мемлекеттік және сервистік қызметтерге онлайн қол жеткізу жеңілдеп келеді. Бұдан бөлек, қазір бір жерге барып, бірнеше қызметті алуға да мүмкіндік жасалған. Бірақ, сол қызметтер сапалы ма? Осындай өзекті мәселелер Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің Қарағанды облысына келген жұмыс сапарында басты назарда болды.
Министр жұмыс сапары барысында Қарағанды облысы әкімдігінің Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығының «Террикон алқабы» IT-хабының және бірыңғай үйлестіру орталығының жұмысымен танысты.
Аталған мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы – азаматтарға мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің көптеген түрін алуға мүмкіндік беретін еліміздегі алғашқы инновациялық орталық.
Мұнда облыс әкімі, әкім орынбасарлары, басқармалар мен департаменттердің басшылары, сонымен қатар, еңбек ұтқырлығы орталығы, отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығы, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының секторы, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері, «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы және басқа да жұртшылықпен жеке кездесулер өткізетін тұрғындармен диалог орталығы сияқты ұйымдар орналасқанын атап өту керек.
– Мұндай тәжірибе бүкіл еліміз бойынша кеңейеді. Жобаның басты мақсаты – азаматтар бір жерде қызметтердің максималды спектрін ала алатын көпфункционалды инфрақұрылымды құру. Бұл – мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылдың ыңғайлылығы мен тиімділігін айтарлықтай арттырады, – деді Жаслан Мәдиев.
Облыс тұрғындары осындай орталықтардың тиімді екенін айтады.
– Осы орталыққа жиі келемін. Өзім көпбалалы ана болғандықтан, мұнда облыс әкімінің өзімен, басқарма басшыларымен, әкімдіктің мамандарымен де түрлі кездесулер өтіп тұрады. Күйеуім көлік сатып алғанда да осы жерге келіп, құжатын әзірледік. Бәрі жылдам әрі сапалы. Мамандар да жылдам жұмыс істейді. Келген жұрттың бәріне бірдей сапалы қызмет ұсынып, сұрақтарын жауапсыз қалдырмайды. Анда-мында шапқылап жүрмейсіз. Болашақта қызмет түрлерінің қатары толыға түссе, тіпті, тамаша болар еді, – деп атап өтті қала тұрғыны Малика Абдуллаева.
Сапар барысында министр бірыңғай үйлестіру орталығында болып, қаладағы интернет байланысының сапасын да жіті тексерді. «Террикон алқабы» ІТ-хабының жұмысы қалай құрылып жатқаны туралы деректерге қанық болды.
IT-Hub «TerriconValley» – 2021 жылы іске қосылған алғашқы аймақтық стартап-экожүйе. Қарағанды ІТ-хабында маркетинг, бизнес және әзірлеу бойынша тегін оқыту жүргізіледі және жыл сайын 10 мыңнан астам қатысушыны қамтиды.
Аталған хаб жұмыс істей бастағаннан бері 20 бизнес-бағдарлама өткізілсе, олардың түлектері өздерінің жеке әлеуметтік маңызы бар жобаларын құрып, көптеген келісімшарт жасасып та үлгерген. Табысты стартаптардың қатарында өнеркәсіптік қосалқы бөлшектер мен бионикалық протездерді 3D басып шығарумен айналысатын KZ Transit және Jolqal.ai, ЖИ көмегімен жолдардың жағдайын бақылауға арналған қосымша әзірлеген еді.
Жұмыс сапарының соңында Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев аймақтың цифрлық инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын Қарағандыдағы деректерді өңдеу орталығына барып, жұмысымен танысты.
Өз тілшімізден