Жаңалықтар

Теректінің Гүлсімі (Очерк)

«Біз орта мектепті бітірер қарсаңда кеңестік республикамызда «Ауылда тұрады екенсің, техниканы меңгер!», «Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізейік!» саясаты ұрандалып, күллі мектептер жанынан ашылған оқу комбинаттары жастарды механизатор, шофер, малшы кәсібінің теория-практикасынан жеделдете өткізіп, жұмысшы мамандықтарына бейімдеді де, бірқатар түлек өмірдің жаңа белесін ауылда бастамаққа бел буды», – деп өрбіткен әңгімесін 70 жасты жеңіп, ғұмырының жетпіс бірінші айналымына кірген «Құрмет белгісі» орденді ардагер Гүлсім Сағатова сәл кідіріп алып, одан әрі жалғастырды…

Суреттер автордан

Ол жылдары әр ауданның орталығындағы кәсіптік-техникалық училищелер де мектепте оқығысы келмей, «шапшаң есеюді» аңсайтын жасөспірімдерге есігін айқара ашатын. Талабы барларды зооветеринар-маман етіп шығаратын Қарқаралы техникумы да іргемізде ғой. «Өнерді үйрен де жирен» демекші, автотехника сырын, малдәрігерлік құпияларын туған үйден ұзамастан үйреніп алып, қарағайдай диплом мен куәлік алып шығу неге жаман болсын?! Содан ауылдың гүлі – сол жастар ойнап-күліп жүріп, туған шаруашылықтың экономикасын көтерісті. Сөйтіп жүріп, ел басшылығының көкейіндегі стратегиялық мақсаттың орындалуына қартая бастаған «малшы, сушы, егінші, емші…» дегендей, жұмысшы кадрларын жасартуға үлес қосып жүргенін аңдаған да емес-ау!..

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі күні қарсаңындағы сұхбатымыздың кейіпкері – бұрынғы Егіндібұлақ ауданы Теректі ауылының 1954 жылғы тумасы Гүлсім Сағатова 1971 жылы орта мектеп жанындағы оқу комбинатынан ауыл шаруашылығы техникасын басқаруды, шоферлық курстан автомобиль басқаруды меңгеріп алған соң Алматыға жоғары білім алу сапарына аттанғанша тракторымен егістік баптасып, жаздай жемшөп жинасса, сары күзде отандық агротехника мақтанышы «Нивамен» астық орып, кей жылдары автомобилімен дән тасып, қара күзде қыстақтарға жемшөп жеткізді. Қысқы жол жабылған айларда шалғай отбасыларға азықтүлік, почта, кітапханамен қатар, сұранысты керек-жарағын да қоса жеткізді.

Тынымсыз да тындырымды қызметі лайықты бағаланған 1976 жылы мемлекеттік жоғары награда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, есімі «1-Майдың» механизатор аруы Нұрбақытпен қатар ардақталған Гүлсім жалынды жылдар естелігін аққұба жүзі бал-бұл жана әңгімелейді. Гүлсіміміз сөзге де шешен кісі. Бірде шалғай аудандағы орденді қыз туралы очерк жазу сәті аудандық партконференцияға дөп келгеніне қуанған тілші жігіт жиналысқа жемшөп тасып жүрген жерінен жедел жеткізілген қызды үзіліс кезінде жолықтырып, дайындаған сауалдарын жаудырмай ма?! Сонда әлгімен әдеппен сәлемдесіп, ниетіне рақмет айтқан қыз: «Ауыл механизаторы туралы шындап жазғыңыз келсе, комбинезон киіп, «Беларусқа» отырып, оның тіркемесіне тиелген шөппен қыстаққа беттеңіз де, орта жолда арқанның босап кеткенін сезісімен, кабинадан қарғып түскен бойы арқанды шірене тартып, бастырманы қаттырақ байлап көріңіз. Сонда блокнотыңыздан емес, жүрегіңізден шыққан очерк жазасыз!» деп салады. (Тілші Жұмахан Сарыбаев та тегін жан емес екен, Гүлсім туралы очеркінде қыздың сөзін сол қалпы келтіргенін портфолиода сақтала-сақтала сарғыш тартқан газеттен оқып, әріптесімнің мәрттігіне риза болдым).

Журналисті шымыр сөзімен қайран қылған, қазақ жазушыларының бұрынғы-соңғы кітаптарының бір-екеуі, «Жұлдыз» бастатқан жорналдар жанында жүретін Г.Сағатованың көкейіне Зарқын ағасындай қаламгер, өзі орден алған күні шабытта жазған поэмасы аудандық газеттен бастап, «Лениншіл жас» газетіне дейін шыққан «Сауғабаевтай ақын болсам» деген арман да ұялаған болатын. 1977 жылы Алматыдағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түскен жалғыз орденді студент те Гүлсім ару еді: кең профильді механизатор студентті курстың кураторы кілең жігіттерден тұратын группаның старостасы сайлайды. Ал, Қазақ Республикасы Отан қамбасына миллиард пұт астық құятын 1980 жылдың алтын күзінде сол Г.Сағатова ректордың рұқсатын алады да, орақ практикасына жіберілмекші мехфак студенттерімен бірге Қостанай облысындағы ораққа қатысып, бітік егінді шашау шығармай жинап алу науқанының бел ортасынан көрінеді. Бүкілодақтық Комсомол комитетінің «Алтын төсбелгісін» Гүлсім қыз сол тарихи науқан кезіндегі жоғары еңбек өнімділігі үшін алған болатын.

Институт мақтанышы Г.Сағатова сөйтіп 1982 жылы туған еліне ғалым-агроном мамандығын әйгілейтін дипломмен қоса, Алматы Жоғары партия мектебінің «Ауыл шаруашылығына саяси-партиялық басшылық» бөлімінің сырттай тыңдаушысы санатындағы ілім-білімімен емтихан тапсырып, идеология қызметкерінің қызыл дипломын да қалтаға басып оралады. Туған кентіне жеткен Г.Сағатованы ҚКП Егіндібұлақ аудандық комитеті бірден нұсқаушылық қызметке алады да, практикада ысылған кадр есебінде 1986-98 жылдары «Қаратау» кеңшарында партком хатшысы, одан соң өз ықтиярымен «Қазақстан 40 жылдығы», Қаракөл шаруашылықтарында жұмысшылар комитетінің төрағасы лауазымдарына тағайындайды. Сонда жаңашыл жетекші Г.Сағатованың шаруашылық экономикасын көтеру, еңбек адамының тұрмысы мен демалысын жақсарту жөніндегі әр бастамасын партия, кәсіподақ, комсомол-жастар мүшелерімен ақылдасып, әділетсіздік пен немкеттілік жолдарын жабуға ықпалдасатын адами құндылық, азаматтық этикет тәсілдерін орнымен қолдана білген ғой. Сонысы сол жылдары барша басшы қызметкерлерге өнеге етілгені бар. Сол кезеңдері бірнеше дүркін аудандық Кеңесінің, облыстық Кеңесінің депутаты болып сайланады, Қазақстан Кәсіподақтарының ХV съезіне, одан соң ҚКП ХVІ съезіне делегат болып қатысады.

– Қасиетті жер қойнауынан шыққан асыл кеннің арқасында бүгіндері «Теректі кен-байыту комбинаты» атымен дүрілдеген өндірісті аймақтың мен білмейтін жер-суы мен ой-шұңқыры жоқ шығар, тегі, – дейді Гүлсім. – Маусымнан бастап, жаз бойы Бұлақадыр мен Қызылшілікте қып-қызыл бүлдіргені қоса қырқылған жұпарлы шабындыққа шалғы салатынбыз… Шөптікөлде егін егістім, Айырда жал-жал мая тұрғыздым… Бригада құрамында жаз бойы егістік баптасып, күзде сүдігер аударысып, қыста қар тоқтатып, басшылықтан тығыз тапсырма түскен күндері жол қатынасы жабылған қыстақтарға азықтүлік пен жем жеткізетінмін. Сондайда, жол үстінде қиналған кездерде, техника теориясынан дәріс беріп, «МТЗ», «Т-40», «Беларус» тракторларының сырын ұқтырған, алып «Ниваның» күрделі операцияларын зерделеткен орденді бригадир Сатыпалды Қонақбаевтың, өзімді шоферлыққа шыңдаған Мұхамедия Жүнісов ағаның (біздің ауылда туып-өскен Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісованың әкесі еді, иманды болғыр) ақыл-кеңестерін есіме түсіретінмін.

– Қыз бала үшін қиындығы көп кәсіпке неліктен құмарттың екен, Гүлсім?

– Айтылмаған сыр еді бұл: маған өмір сыйлаған әке қыршын жасында кезіккен жазатайымда мерт болып кеткенде, шарасыз анам мені Сағат нағашымның тәрбиесіне берген екен. Ағайынды Сағат, Сәбит, Сыздық үшеуі де ата-бабасының ұсталық өнерін жалғастырған, «темірден түйін түйген қолөнершілер» атанған асыл жандар еді. Ұстахана жанында ойнап өскендіктен, құлағыма төс пен балғаның шыңылы музыкадай естілетін менің ойыншығым да темір мен былғары, ағаларым күмістен соғып, тақияма қадайтын салпыншақтар, ағаштан ойып, былғарымен сәндеген қуыршақ болатын да, ең әуесім – қып-қызыл от шығаратын көрікті қос қолыммен бір басып көру болатын. Бірақ, ол жаққа мені жолатпайтын. Қоларба, шанадан бастап, үй тұрмысына қажет шымшуырға дейін нағашыларымның қолынан шығатын… Мектеп түлектерінің бірі шопандыққа, бірі жылқы бағуға жазылғанда, мен ойланбастан техниканы қаладым, автомобиль тізгіндеуді үйренгім келді.
Жүрек қалауы алдамайды екен. Оның доңғалақты трактормен-ақ жер жыртудың сменалық 600 гектар нормасын 700-800-ге жеткізе игеретіні кейбір бойкүйез жігіттерге өнеге етілген кезі де болыпты. Жер өңдеушілердің облыстық, республикалық конкурстарына да аудан активі Гүлсімді жібереді екен. Өмірінің жетпіс белесін артқа салған еңбек ардагерінің портфолиосында тігулі «…ауыл шаруашылығы экономикасын көтеруге қосқан елеулі үлесі үшін…» мәтіндес алғыс хаттары мен грамота, дипломдары, костюмінің қос өңірін толтырған төсбелгілері ондап саналады.
– Үкіметіміз ауыл өндірісін өрістету мақсатымен шетелден қолайлы техника алдырып жатыр, жаңа мен бұрынғының айырмашылығы қандай, Гүлекесі?
– Бүгінгі мен бұрынғыны салыстыруға келмейді: осыдан бірер жыл бұрын жаңа заманның жас механизаторлары слетіне ардагер ретінде шақырылғаным бар. Сонда шетелдік техниканың артықшылығын байқау үшін Канада шығарған «Джон Дир» комбайнының штурвалын басқарып көргенімде, жаным сүйсінді: бәрі – автоматика, түймесін бассаң болды, жеп-жеңіл қозғалысқа түседі. Кабинадағы таблодан атқарған жұмысыңның күллі ақпары: қанша жерге дән сепкенің, қанша алқаптан қанша өнім жинағаның, қанша жанар-жағармай жұмсағаның тайға таңба басқандай көрініп тұрады.
– Әлемдік агротехникаға бейімделіп, цифрландыру мен жасанды жадыны жат көрмейтін бүгінгі ауыл механизаторы қандай болмақ?
– Біріншіден, біздің кезіміздегі нәтижелер бүгінгіге өлшем емес: әр кәсіпкер өз меншігіндегі азын-аулақ жерінің әр гектарын жаңаша агротехнологиямен өңдеп дән сіңіреді. Сөйтіп жұмсаған шығынын өтейтін мол өнім алуға, онысын тиімді бағамен өткізуге немесе айырбастауға тырысады. Әзірше ондайлар біздің елімізде саусақпен санарлық қой, жер аумағы да шамалы, қаншама егістіктер бос қалды… Иманды болғыр Хакім Зәкішевтің білім-қажырымен орнаған суармалы алқап механизациясын «қайта құру» жылдары қиратып-құрттық та, соның қажеттігін енді аңдап, қайта «тірілткелі» жатырмыз… Агроөнеркәсіпті қауырт дамыту үшін инвестицияны осы салаға молынан төгу, баяғы колхоздасу сияқты кооперациялану керегін ел ағасы да, жаңаша оқып келген жас министрлеріміз де айтып-ақ жатыр. Ал, өзім бажайлаған бір ақиқат: бүгінгі ауыл механизаторын лайықты жалақы ғана қызықтыра алмақ. Кәсіп көзін таба алмай, қаланы сағалап жүргендерді ауылға солай ғана қайтарасыз.

***
Өмір-шіркінде «әттеген-ай!..» дегізетін жәйттер аз емес: құнарлы жайылымында төрт түлігі асыр салып, «республикадағы қой өсірудің фабрикасы» атанған Егіндібұлақтай аудан І998 жылы астанамыздан түскен Жарлықтың «…таратылсын» деген бір ауыз пәрменімен жабылып қалғанда, азаматтық жолын қарапайым еңбектен бастап, жоғары оқуды да, кеңестік саясаттың оңды да оңсыз сырын Алматының өзінде зерделеген, ауылдың жетекші органдарын басқарған, Егіндібұлақ кәсіптік-техникалық училищесінде дәріс беруге атсалысқан Гүлсім Сағатовадай менеджер оймен өткен түндер мен күндерден соң бір Құдайға сыйынып алып, «Ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу шеберханасын» ашады. Сонда алдымен ауыл үлкендерінің өтінішін орындап, сонау ашаршылық жылдары опат болғандар мүрдесі жерленген «Бала-бейіт» қорымын шеберханасында әзірленген металл шарбақпен қоршайды. Сол бетімен сөйтіп, қарт Балқантау баурайындағы жұртшылықтың қажетін шығарған шеберханасын он жылдай жүргізеді. Гүлсім Сағатованың «Бизнес-леди» марапатымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл» медалімен, тұңғыш президенттің «Алғыс хатымен», меценаттық істері үшін «Қаздауысты Қазыбек би – 350» төсбелгісімен (2017 ж.) құрметтелгені осы кезең болатын.
Алайда, 90-шы жылдары басталып, жаңа ғасырдың алғашқы он жылына дейін созылған «ескі заңдар жойылған, жаңа заңдар жұмыс істемеген» жылдарғы талан-тараж бен жұмыссыздық он жыл бойы жұртқа қайтарымсыз (қарызға) қызмет көрсеткен шеберхананың жабылып тынуына себеп болады да, қарекетсіз отырып көрмеген бесаспап Сағатова 2011-2013 жылдары Нұрқазған кенішінде механик бола жүріп, зейнеткерлік жасына жетеді. Бұған да тәуба айтқан қыз нағашыларынан көрген тәрбиесімен, әулеттің ендігі үлкені ретінде Сағат ата әулетінен өрбіген сіңілі, бауырларын қалаға бастап, 90-жылдары шахталары жабылған Майқұдықтан үй-жай әпереді, өндіріске жұмысқа тұрғызады.
Ал, содан соң жүрек түпкірінде жылдар бойы аялаған қиялына қанат бітіріп, жазушы-қаламгер болып кетпесе де, ата-бабалар мекені, туған елі Егіндібұлақтың түрлі кезеңде хатқа түскен тарихын, Сарыарқаның даңқын асырған, отан қорғаған, ел басқарған, халық ағартқан абзал жандар туралы зерттеулер мен мұрағаттық мәліметтерді, әртінде-бертінде баспасөзде жарияланып, ұмытылған мақала, шежіре, естеліктерді жинап, бастыруды қолға алады. Сөйтіп, «Әлқисса» жинағына егіндібұлақтық журналистердің «Ленин туы» газетіндегі әртүрлі публикацияларын, сол тұстағы басшылардың мақала-сөздерін, жергілікті ақындардың шумақтарын енгізіп, өзімізге ұсынғанында, еңбек жолымыздың шежіресін жасаған Гүлсімді жаңа қырынан танығанымыз бар. Содан кейінгі «Ата-баба, ел-жер тарихы» атты жинағына ауыл үлкендерінің аузынан шығып, қағазға түскен публикацияларды, жер-су атауларын енгізген. Еңбеккер бике ҰОС Жеңісіне 70 жыл толар қарсаңында жергілікті архив пен мұражайдан мәліметтер жинап жүріп, «Мың тағзым, Сізге, майдангер!» атауымен майданда жаумен шайқасып, елге жеңіспен оралған ағалар туралы мәліметтер мен фотосуреттер жинағын шығарды. Кітап шығарудың екінің бірі ескере бермейтін осынау тәсілімен Гүлсім Сағатова белгілі отбасылармен, селолық округ әкімшіліктерімен хабарласу нәтижесінде өңірдің ежелгі отбасылары, шаруашылық тарихы, әр ауылдан шыққан майдангерлер туралы әртінгі-кейінгі жарияланымдар топтастырылған жинағын баспадан сұраныстық тиражбен шығарып берді. Қазіргі заманғы креативтік өнер дегеніміздің өзі осы ғой! Былтырлары Гүлсімнің ыждағатымен ауылдың еңбеккер адамдары туралы жазылған газеттік материалдар негізінде «Ғибратты ғұмыр», «Намыстың отына өртеніп» аталған тағы екі жинағы баспадан шығып, сұраныс бойынша сатылып та кетті.
Бағалай білген кісіге осының бәрі – көзмайын тауысар тірнектеген жұмыс емес пе?! Қаншама отбасының кейінгі ұрпақтары ата-анасы туралы кезінде баспасөзге шыққанымен, келешекке сақталмаған мақала-материалдарды Гүлсімнің жинақтарынан оқып, үлкендердің ғибратымен танысты, ата-тегін түгендесті.
Бұл шақта ауылдан қалаға өзі бастап әкелген бауырлары да өз жолдарын таба бастаған еді. Әңгімеміздің соңын соларға қарай ойыстырсақ, Ризат сіңілісі өзіне лайық жар тауып, екі жастың жарастығынан өмірге келген сәбиімен Гүлсімді «әже» атандырды да қойды. Осы жиеніне мейірімін төгіп, мектеп жасына жеткізіп берген Гүлсім-бике қазір Қарағандының жаңа Майқұдық ауданынан қолайлы дизайнмен тұрғызылған биік үйден пәтер алған немере бауыры Ержан мен оның мұғалім келіншегі Нұрайымнан көрген немерелерін бағысып жүріп, бір мезет жаңа жинақтарына негіз болатын қағаздарын қаузап отыруға да уақыт табады. Көгілдір экраннан әр жаңалығы детективтей естілетін әлем тынысын тыңдай отырып, жасындағы өзі секілді қыз балалардың қазақ елінде кенжелеп қалған спорт түрлерінен – суға жүзуден, семсерлесу, садақ ату, жұдырықтасудан ел намысын қорғап, әлемдік өлшемдерді игере бастағанына қуанады.
Сол жасындай жарқылдап құздан құлдилап, көкке қайта шарықтаған қазақ аруларының бойындағы ер-азаматтай қайраттылық, жаратқандай қайырымдылық, күндей мейірімділік бір кездері Гүлсімнің де бойында мол болатын. Қажыр-қайрат азайғанымен, сол баяғы мінез – өле-өлгенше азаматтық позициядан айнымау салты орнында сияқты.

Назипа АСҚАР,
журналистика ардагері

Басқа материалдар

Back to top button