Терең тарихтан – кемел болашаққа
«Болашақ энергиясы!» Тарихтан тамыр үзбейтін, болашаққа бейжай қарамайтын Қазақстан төрткүл дүниеге тағы бір оң қырымен танылды. Бейбітшіліктің бесігін тербеткен еліміз жаһанның ортақ мүддесін бір арнаға тоғыстырды. Ұлы Дала елінің Бас қаласында. 93 күн бойы… Абырой – аспанда!
Жексенбіде әлем көз тіккен «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің жабылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысты. Ұлт Көшбасшысы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Астана қаласы және еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдыруының нәтижесінде, Көрменің табысты өткенін айтты. Әсіресе, «ЭКСПО – 2017»-нің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті.
– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Көрме аясында өткен мәдени және халықаралық шараларға тоқталды.
– Күн сайын Елордамыз төрткүл дүниенің түпкір-түпкірінен жеткен түрлі мәдениеттің әуені мен нақышына бөленіп тұрды. Бүгінгі салтанатты рәсім Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитімен тұспа-тұс келіп отыр. Онда ислам әлеміндегі ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелері талқылануда. Жалпы, «ЭКСПО» аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді, – деді ел Президенті.
Нұрсұлтан Әбішұлы біздің ел Еуразия өңіріндегі қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі рөлін нығайта түскенін тілге тиек етті.
Тұңғыш Президентіміз «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген Көрменің бірқатар жағымды аспектілеріне де тоқталды.
– «ЭКСПО» бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті «ЭКСПО» аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленгенін баса айтты.
– «ЭКСПО» көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО» инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану жоспары жөніндегі ойымен де бөлісті.
– «Нұр Әлем» және Көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы:
– «ЭКСПО» көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтардың жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын, – деп, «жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты және ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құруға арналған жобаларға тоқталды.
Қазақстан Президенті Көрмені өткізуге үлес қосқандарға алғыс айтып, келген қонақтарға ерекше ризашылығын да білдірді.
– Осымен Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялаймын! Оның идеясының толығымен жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризашылығымды білдіремін. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысып, еңбек етті. Баршаңызға Қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Иә, шынымен де, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің жоғары деңгейде өткізілуіне елдің бар аймағы ерекше ат салысты. Қарқынды дамуға ие болған Қарағанды облысының да үлесі басым. Себебі, шағын және орта бизнес өкілдері құрамындағы біздің аймақ кәсіпкерлерінің де үлесін ерекше атап өтуге болады. Оның үстіне, орналасуы бойынша ең жақын аймақ та – Қарағанды облысы.
Көрменің жабылуынан бір күн бұрын біз де «ЭКСПО» қалашығына табан тіреп, жаһандық шараның кең ауқымды екендігіне көз жеткіздік.
Көрменің алғашқы күндері келушілер саны 20-30 мың адам шамасында болса, соңғы тәуліктерде бұл көрсеткіш бес есеге дейін ұлғайып, жүз мыңнан асып жығылды. Таңғалдық, тамсандық!
«ЭКСПО-ның» жабылу салтанаты, ашылу рәсіміндегідей, кешен аумағындағы амфитеатрда ұйымдастырылды. Тек, Қазақстан өңірлеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары ғана ақпарат таратып қана қоймай, шетелдік БАҚ өкілдері де әлемге кезектесе жар салды.
Жабылу салтанатында «ЭКСПО» көрмелерінің тарихы көрсетілді. Онда адамзат баласының жеткен жетістіктері кеңінен таныстырылды. Мәселен, ауаға көмір қышқыл газын бөлмейтін автокөліктен бастап, кәдімгі смартфондарға дейінгі үздік технологиялардың үздік үлгілері көрсетілді.
Мысалы, жас ұрпақ соңғы технологияларды жаһанға жария етіп, бүгін мен болашақты сабақтастырды. Жабылу салтанатына арналған көркем қойылымда күн және жел күшімен бірге, су астындағы балдырлардан да энергия өндірудің технологиясы айқын көрінді.
ХХІ ғасырдың креативті жобасы – болашақтың вакуумды пойызы жобасы да осы жерде таныстырылды. Сағатына 1300 шақырыммен қозғалатын көлік жобасының авторы – америкалық атақты өнертапқыш Илон Маск. Пойыздың сынағы АҚШ-та өткізілген көрінеді. Қазіргі уақытта оны іске асыру жобасы қолға алынған. Бұйыртса, пойыз болашақта Алматы мен Астана қалаларының аралығын 45 минутта жүріп өтсе керек.
Біздің газет авторының бірі жазғандай, энергия – қозғалыс! «Үздік тәжірибелер алаңына» бас сұқсаңыз, сөзіміздің куәсі боласыз.
Шарада әр адамның қадамынан, өсімдіктерден өндірілетін қуат көзінің жобалары жұртқа ұсынылды. Ұйымдастырушылар қойылым арқылы қарапайым гүлдің смартфонды қуаттай алатынын көрсеткенде еріксіз таң қаласыз. Демек, қоршаған орта да энергияның көзіне айналары сөзсіз. Қарапайым мысалы, терезе алдындағы гүл бөлменің көрігін келтіріп қана қоймай, шаңыраққа жарық бере алады.
Сонымен, Көрме барысында 33 мың әртіс Астанада өнер көрсетіп, Көрмені 180 елден келген қонақ тамашалаған. Облыстың әр өңірінен жиналған төрт мың бес жүз ерікті «ЭКСПО – 2017-нің» жоғары деңгейде өтуіне ықпал етіп, Көрме көрермендерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Айтпақшы, еріктілер қатарында біздің облыстың да жас буыны жігерін сарықпады. Үкілеген үміттер Көрме қонақтарына жылы шырай танытып, үш тілде бағыт-бағдар, ақпарат берді.
Негізі, Көрме қонақтарының қатысуымен 100 миллион фотосурет түсірілген.
Бір қуантарлығы, «ЭКСПО» қалашығы аумағында 88 жас отбасы қол ұстасып, болашақ өмірге қадам басқан. Жақсы ырым емес пе?!
Баршаға мәлім, Қазақстан Астанасы, әдеттегідей, ғаламға ортақ проблеманы көтерді. Жер шарының жетекші ғалымдары тартынып қалған жоқ. Баламалы қуат көзіне мүдделі елдер тарапынан ғалымдар Астанаға жиналып, 153 өнер туындысын таныстырды. Біз көзбен көргендей, қарапайым тілмен. Үздік тәжірибелер павильонына бас сұққан азаматтар көрген болар.
Көрменің салтанатты жабылу жиынында Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес бейнетаспа арқылы өз құттықтауын жолдады. Ол осы тарихи шараға қатыса алмағанына өкініш білдіріп, шараның ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді. «Жаңғырмалы энергияны ілгерілету – тұрақты әлеуметтік дамуға бағытталған күрделі қадам. Десе де, баламалы қуат көздерін табу, қолдану, оны тарату ХХІ ғасырдың міндеті. Ал, Қазақстанның Бас қаласы – Астанада мәресіне жеткен «ЭКСПО» көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерге жетті және оған қатысушы мемлекеттердің мәдениетін, тарихын көрсетті. Яғни, Қазақстан үлкен әрі жауапты міндетті лайықты атқарып, Көрмені жоғары деңгейде өткізді», – деді бас хатшы.
Висенте Лоссерталес бұл шарада әлемнің барлық мемлекеті өздерінің технологиялық және ғылыми жетістіктерін ортаға салғанын сөз етті. Оның мәлімдеуінше, алты құрлықтың 178 елінен миллиондаған адам Көрмені тамашалады.
«ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесін өткізу арқылы біздің Қазақстан, Астана шаһары халықаралық шараларды ұйымдастыра алатын орталыққа айналғанын аңғартты. Үш мыңнан астам тақырыптық, мәдени, ағарту шаралары ұйымдастырылып, Көрменің мазмұнын тереңдетті. Астанадағы «ЭКСПО» Халықаралық көрмесі тарихқа алтын әріппен жазылды.
Көрменің салтанатты жиынында «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Халықаралық көрмелер бюросының туын Бюро президенті Стин Кристенсенге салтанатты жағдайда табыстады. Рәсім барысында ХКБ әнұраны орындалды.
Елдіктің ерен үлгісін көрсеткен мерекелік жабылу салтанаты ерекше отшашумен аяқталды.
Жабылу салтанаты «Музарт» тобының, Майра Мұхамедқызы, Жәмилә Серкебаева, Лада Қысықова сияқты эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке ұласты.
Р.S. «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің ашылу және араға үш ай салып, жабылу салтанатына арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бұқаралық ақпарат құралдарының да жұмысына жоғары баға берді.
Біздің басылым да үш ай бойы Халықаралық көрменің барысын қалың елмен бөлісті.
Нәтижесінде, лайықты құрметке облысымыздың түпкір-түпкіріне қазақ тілінде тарайтын жалғыз газет – «Орталық Қазақстан» ие болды!
«ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Көрменің барысы туралы белсенді түрде ақпарат таратқаны үшін біздің басылымға алғысын жолдады.
Президент сыйлығының иегері Мағауия СЕМБАЕВ бастаған ұжымға деген бұл құрмет – «Орталықтың» ормандай оқырманының олжасы!
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ