Бас тақырыпБілім

Балқашта туризм мамандарын даярлайтын оқу зертханасы ашылады

Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануы кәсіптік білім беру саласына тың серпін берді. Теория мен өндірістік тәжірибе ұштасатын дуальды оқыту жүйесі колледждерге тиімді жүзеге асуда. Кәсіпорындар оқу орындарының білім бағдарламаларын дайындауға қатысады, жұмыс береді. Ал, білім ошақтары оларға қажетті маман даярлайды. Биыл дуальды оқыту жүйесінде қандай өзгерістер бар?

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кәсіпке баулу мектептен басталады

Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау жүзеге асуда. Мәселен, Оқу-ағарту министрлігі Үкіметпен бірлесіп, «Жұмысшы мамандықтарының жылы» ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарды бекітті. Сондай-ақ, Кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын қабылдады.

Еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, кадр даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қамтылған жоспарлар әзірленді.

Атаулы жыл аясында салаға баса назар аударылып отыр. Айталық, Қарағанды облысында бүгінде техникалық және кәсіптік білім беретін 52 колледжде мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып, 9 300 орынды құрады. Оның 60 пайызы техникалық мамандықтар үлесінде. Сонымен қоса, студенттер стипендиясы екі есе өскенін айта кеткен жөн.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында бұдан басқа жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп, еліміздің мектептерінде 1 000 бейінді сынып ашу жоспарланды. Оның 205-і облыста да жұмыс істеп тұр. Мамандыққа бағыттау жұмысы жаңа мазмұнға ие болып, оқушылардың көптеп қатысуын мақсат етіп отыр. Облыстың білім басқармасының мәліметінше, өңір мектептеріндегі бейіндік сыныптарда медицина, педагогика, экология, АӨК, IT және «Жас сақшы» құқықтық жобасы қамтылған. Жаңа оқу жылынан бастап, тағы 50-ге жуық сынып ашу жоспарда бар.

Сондай-ақ, мектептерде «ProfiWay» цифрлық платформасы іске қосылады. Платформада сұранысқа ие мамандықтар, оқу орындары және өңір кәсіпорындары туралы ақпарат ұсынылады. Осылайша, жоғары сынып оқушыларына колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізілуде.

– Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады, – деген болатын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Дуальды оқыту, тиімді модель

Бүгінде колледждерде теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін дуальды оқыту жүйесі қолданылады. Әлемдік тәжірибеге негізделген дуальды оқыту жүйесі техникалық-кәсіптік білім беретін колледждердің өндіріс мекемелерімен бірлесе отырып, нарық заманында бәсекеге төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгерген мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында дуальды білім беру жүйесі енгізілген 38 колледж 300-ге жуық кәсіпорынмен тығыз байланыс жасайды. Оған шамамен 7 мың студент қамтылған. Оқыту жүйесі бойынша колледждер кәсіпорын сұранысына сай мақсатты кадрлар даярлайды, ал, кәсіпорындар оқу бітірген түлектерді міндетті түрде жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді. Аймақта 1 000 студент жұмыс берушілердің тікелей тапсырысы бойынша білім алуда. Негізгі серіктестер қатарына QazTehna, Qarmet және ҚТЖ компаниялары бар.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытып, мамандарды даярлау сапасын арттыруда дуальды оқыту жүйесінің маңызы өте зор. Былтыр дуальды оқыту жүйесі негізінде Қарағанды индустриялық университеті мен QazTehna компаниясының бірлескен жұмысының нәтижесінде оқу орнында зауыттың мамандандырылған зертханасы ашылған. Сондай-ақ, екі жақты келісіммен «Автомобиль жасау» мамандығы бойынша бакалавриат білім беру бағдарламасы енгізіліп, оқыту басталған болатын. Бұл бағдарламаның ерекшелігі студенттер үш негізгі модуль – жеңіл автокөлік, жолаушылар таситын автокөлік және арнайы техника бойынша теорияны оқып қана қоймай, Саран қаласындағы QazTehna зауытында тағылымдамадан өтіп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бұл ынтымақтастық Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің дамуына маңызды үлес қосады және студенттер мен жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Кәсіпорындарда кадр тапшылығы мәселесі жоқ емес. Бұл түйткілді шешу үшін биыл өткен «Еңбек нарығының болашағы» форумында QazTehna корпоративтік университетінің басшысы Айдос Айтбаев кәсіпорындар мен маман даярлайтын оқу орындары бірлесуі нәтижесінде оқу бағдарламалары жетілдіріліп жатқанын атап өткен болатын.

– Бізге қажет мамандарды біреу даярлап береді деп күтуден еш пайда жоқ. Бұған біз де қатысуымыз керек. 2030 жылға дейінгі стратегиялық меморандумға қол қойылған. Негізгі басымдық – көлікті жөндеу мен қызмет көрсету мамандарын, сондай-ақ дәнекерлеушілерді даярлау. Биыл Қарағанды көлік-технологиялық колледжі базасында сырлаушыларды оқытуға арналған мақсатты топ ашылады. Оқу бағдарламасы бірге әзірленіп, бекітілді, – деді Айдос Айтбаев.

Зауыт 160-тан астам мақсатты грантты жүзеге асырды және облыстың төрт жетекші колледжімен ынтымақтастық орнатқан. Олар – Қарағанды жоғары политехникалық, тау-кен индустриалдық, көлік-технологиялық және Саран техникалық колледждері.

Осылайша, жұмыс беруші компаниялар білім беру бағдарламаларын құруға тікелей қатысады. Индустриялық кеңестер арқылы олар өндіріс сұраныстарына сүйене отырып модульдер мен құзыреттерді қалыптастырады. Оған жауап ретінде колледждер жаңа, сұранысқа ие мамандықтарға лицензия дайындайды.

Болашағы бар бағыттардың қатарында – автокөлік жасау, аддитивті технологиялар, гидротехникалық құрылыс, ақпараттық қауіпсіздік, полимерлер мен құбырлар өндірісі, графикалық және мультимедиялық дизайн бар.

– Біздің колледж базасында «Өндірісті автоматтандыру және технологиясы» бағдарламасы іске қосылуда. Ол заманауи үдерістерді қамтиды: түлектер тек қызмет көрсетіп қана қоймай, өндірістік желілерді бағдарламалай да алады. Бұл – IT-құзыреттері бар жаңа буын мамандары, – деді Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің директоры Жанар Рахимова.

Биыл Қарағанды облысының техникалық және кәсіптік оқу орындары республика көлемінде дуальды оқыту бойынша 35 пайыз көрсеткіш құрап отыр. Мұны Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің оқытушысы Аян Амантайұлы айтты. Биылғы атаулы жыл аясында колледж басшылары Қытайға сапар шегіп, ондағы оқу орындарымен тәжірибе алмасып қайтқан. Сондай-ақ, жаңа мамандықтарды ашу бойынша лицензия дайындалып жатқанын атады.

Ал, еліміздің жетекші оқу орындарының бірі Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде дуальды оқыту алты мамандық бойынша жүзеге асырылуда. Бұл жүйеге Қарағанды қаласының 20-дан астам кәсіпорын базасында тәжірибелік дайындықтан өтетін 289 студент қатысады. Олардың қатарында «Жилой фонд» ЖШС, Prof Invest, «Центэнергомеханизация» ЖШС, №1 эксперименттік зауыт және білікті мамандар қорын құруға мүдделі қаланың басқа да негізгі кәсіпорындары бар.

Колледж жұмысшы мамандарды даярлауда жақсы көрсеткішке ие. Мәселен, дәнекерлеу ісі бойынша білім алған түлектердің ешқайсысы жұмыссыз қалмайды екен. Білім ошағының директоры Әсел Сапарованың айтуынша, жалпы түлектердің жұмысқа орналасуы шамамен 90%-ды құрайды, алайда әртүрлі жағдайға байланысты мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқандары тек – 57%. Бір ғана мысал, колледж бітірген түлектердің 30-ға жуығы қаламыздағы ең ірі құрылыс компанияларының бірі «Жилой фонд» ұйымында жұмысқа орналасып, табысын тауып жүр.

Халықаралық тәжірибе – кәсіптік білімде

Білім беру технологиялары үздіксіз дамып жатқан заманда сырт қалуға болмайды. Осы тұста әлем елдері бір-бірінің тәжірибесіне сүйене отырып, білім беру жүйелерін жетілдіруге күш салуда. Біздің еліміз де бұл үрдістен шет қалмай, халықаралық стандарттарға сай білім беру моделін қалыптастырып жатыр. Қарағанды облысының қазіргі таңда бес колледжі халықаралық аккредитациядан өткен. Сонымен қатар, Қытай, Германия, Түркия, Финляндия және басқа да елдердің білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, Шахтинск технологиялық колледжінің басшылары мен оқытушыларынан құралған Қарағанды облысының делегациясы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында Минск қаласына іссапармен барып, тәжірибе алмасып қайтты. Негізгі мақсат – озық білім беру тәжірибелерін зерделеу және екі ел колледждері арасындағы әріптестік байланысты нығайту болды.

– Сапардың басты оқиғаларының бірі – Шахтинск технологиялық колледжі мен Минск мемлекеттік құрылыс техникасы және технологиялары колледжі бірлесіп әзірлеген «EduWelding» виртуалды білім беру платформасын таныстыру болды. Аталған жоба дәнекерлеу ісі саласындағы мамандарды даярлауға арналған цифрлық білім беру кеңістігін құруды көздейді. Бұл платформа арқылы оқу материалдары, заманауи технологиялар мен инновациялық әдістер қолжетімді болмақ. Виртуалды платформа студенттердің заманауи форматта білім алуына, ал, оқытушылардың озық білім беру құралдарын пайдалануына мүмкіндік береді, әрі оқу процесін жетілдіре түседі, – деді Шахтинск технологиялық колледжінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Малика Орынбасарова.

Жаңа оқу жылынан бастап Теміртау жоғары политехникалық колледжінде «гидротехникалық құрылыс» және «мелиорация» бағыттары бойынша су шаруашылығы компетенциялары орталығы жұмыс істей бастайды. Бұл орталық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған, заманауи оқу-өндірістік база болмақ.
Сонымен қатар, BYD (БИД) компаниясымен бірлесіп, аталмыш колледж базасында электромобильдерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша оқу орталығы ашу жоспарлануда. Орталық халықаралық стандарттар мен тұрақты даму принциптеріне сай жұмыс істейтін болады.

Ал келесі жылы Балқаш технология және сервис колледжінің базасында туризм саласының мамандарын даярлау мақсатында қонақ үй кешені форматындағы заманауи оқу зертханасы ашылады.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button