«Ten Qogam» – тең мүмкіндікке жол
Еліміздегі мүгедек жандардың саны 700 мыңнан асады. Яғни, жалпы халықтың 3%. Бұл ресми тіркелгендері. Тізімге енбей қалғандары қаншама. Оларды қолдау, қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттары. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын», дей келе, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жайлы заңға қол қойды. «Ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсетудің аса маңыздылығын» назарға ала отырып ашылған Қарағанды қаласындағы «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен Qamqor plus мүгедектер қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ашылған.
Тегін әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік, жұмысқа орналастыру, кәсіпке баулу, порталдармен жұмыс жасауға үйретеді. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға зор қолдау көрсетіп отырған орталықта үйірме де бар. Ұдайы тренингтер, семинарлар, вебинарлар, экскурсиялар өткізіліп тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 12 маман еш кедергісіз қызмет көрсетіп, қажетті кеңес беруде. Орталықтың жылына 300-ге дейін мүгедектігі бар адамдарды қабылдауға мүмкіндігі бар. Орталық халықаралық стандарттарға сай, ішкі-сыртқы дизайнан бөлек, бұл жердегі әр құрылымның ерекшелігі – ішіндегі құрал жабдықтарда мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықтап жасалған. Әрі орталықта өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы бар. Қызметкерлер онлайн және офлайн форматта да көмек көрсетуге дайын.
– Бүгінде Қарағандыда 25 мыңнан астам мүгедек адам тұрады. Біздің жобаның басты мақсаты – оларды әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпараттандыру және кеңес беру. Біз әлеуметтік бейімделуге, Мемлекеттік қызметтерді алу үшін құжаттарды ресімдеуге, оңалтудың техникалық құралдарын таңдауға көмектесеміз. Біз әлеуметтік қызметтер порталы жұмысының қыр-сырын түсіндіре аламыз. Біздің орталықта заңгер мен психологта кеңес береді, – дейді орталық басшысы Аслан Қабегенов.
Мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген қоғамда бар. Кемтарын кемсітпеу мемлекеттің міндеті. Осы орайда, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік тапсырыс аясында «Qamqor plus» мүгедектер қоғамдық бірлестігімен 64500,0 мың теңгеге шарт жасасады. Орталық атқарған жұмысы туралы барлық есепті ай сайын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсырып отырады.
– Орталыққа әртүрлі сұрақтармен келушілер қатары көп. Басым бөлігі психологиялық көмек сұрап келеді. Дәл осы көмек түрін мүгедек адамы бар отбасы мүшелері де қажет етеді. Келген адамдарға біздің басты мақсатымыз – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу әрі ақпараттандыру екендігін айтумен келеміз. Орталық ашылған жарты жылдың ішінде 300-ден астам адамды қабылдады, – дейді орталық басшысы.
Бүгінде облыста 55 мыңнан астам мүгедек бар. 25 096-сі қала басында, оның 3043 – І топ, 10536 – ІІ топ, 9036 – ІІІ топ және 2481 – бала бар.
– Бұл орталық туралы таныстарымнан естідім. Мүгедек жанға қандай көмек көрсетсе де артық емес. Оларда қоғамның белді мүшесі. Бір өкініштісі, бұндай орталықтар облыс орталығынан шалғайда жатқан елдімекендерде ашылса жақсы болар еді. Менің ержеткен балам бар. Туғанынан сал. Өздігінен жүре алмайды. Ауылды жерде тұрғандықтан ешқайда апаруға мүмкіндік бола бермейді. Тек бір алданышы кітап оқу, – дейді қарқаралылық Ғазиза Оспанова есімді ана.
Дене мүшедегі кемшілік, адамның рухани өсіп-өнуіне ешқандай кедергі емес. Мүгедек жандарды мүсіркеп, оның әмиянына тиын-тебен тастамай, тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ету маңызды. Осындай бағытта жұмыс істеп отырған орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін кеңейтіп, әр күнінің шуақты болуына үлес қосуда.
Сағыныш ӘБІЛ,
Оrtalyq.kz