Жаңалықтар

Теміржолда өрілген өмір жолы

«Өмір ағысы да, қоғам тынысы да белгілі бір заңдылыққа бағынады. Мысалы, маршрутта белгіленген аялдамадан тыс жерде жүйткіп келе жатқан жүк пойызын тоқтатуға болмайды. Бұл – тәртіп, ереже. Ал, адам баласы зейнет жасына жеткенде, ресми қызметін тоқтатады. Өмірімнің жартысынан көбі жолда өткен мен де демалысқа шықтым. Бұл – өмір заңдылығы», – деді теміржол саласының ардагері, машинист Мейрам Рысқұлұлы Итбаев сұхбатымыздың басында. Ойланып қалдым. Алдымда тепловоз машинисі емес, бейнебір философ отыр­ғандай. Қарапайым еңбек адамының терең ой толғап, жүйелі сөз сабақтауы таң қаларлық жағдай ғой…

Сұхбатымыздың соңында оның да себебін тапқандаймын.

 

…Бұл Мейрам Итбаевтың зейнет демалысына шығар алдындағы тепловоз тізгінін ұстап соңғы рет жолға шығуы болатын. Өз тілдерімен айтқанда – «соңғы поездка». ТЧ-15 ұжымы дәстүр бойынша салтанатты түрде шығарып салған.

Ұзақ жол. Тепловоз кабинасында көмекшісі екеуі ғана. Көз алдында – қатар созылған болат рельс. Қос рельс түйіспейді. Ойға шомған машинист Мейрам мәңгі қосылмас қос рельс пен өмір құбылыстарын салыстырып келеді. Адам өміріндегі ақ пен қара, жамандық пен жақсылық, қуаныш пен қайғы осы рельстердей неге болмады екен? Ешқашан түйіспейтін. Түпсіз ойы осы жерге келгенде кілт үзіліп, өзінің теміржолдың бойында өрілген өмір жолының әр сәті көз алдынан өте бастады.

Шет ауданына қарасты Көктіңкөлі ауылы маңындағы 56-разъезде туған. Балалық балдәурені осы бір шағын ғана теміржолшылар бекетінде өтті. Әрлі-берлі ағылған пойыздар. Ауылдың барлық үлкендері – теміржолшылар. Бала атаулының өз міндеті бар. Бекеттегі санаулы үйдің сауын сиыры мен өріске шыққан қой-ешкісін теміржол жаққа жібермей, қайырып отыру – осы қара домалақтардың жауапкершілігінде. Мейрам да титтейінен осы жауапкершілікті арқалап өсті.

Малды қайырып тастап, те­міржол бойына беттейтін. Өткен пойыздардың вагондарын санап жарысатын-ды. Өздері пойыз кес­тесін жатқа біледі. Әрқайсысы пойыздарды бөліп алған. Кімге тиесілі пойыздың вагоны көп, сол – жеңімпаз. Бәкене бойлы, тығыршықтай қара бала Мейрам бекетке жақындағанда жылдамдығын азайтатын пойыздардың машинистерін көру үшін биіктеу дөңге жүгіреді. Сол жерден алып техниканы тізгіндеп бара жатқан машинистерге қол бұлғайды. Өзінің де «Өскенде машинист болам» деген балаң арманы сол кезде-ақ оянған. «Ана тілінен» 3-сыныпта оқыған «Қайрақбай» әңгімесінің әсері болар, соңғы кезде мал қайырып жүріп, теміржол бойын жағалауды дағдыға айналдырып алды. Ондағы ойы – рельстердің жалғанған жерінен ақау табылып қалса, Қайрақбай секілді келе жатқан пойыз­дарға белгі беріп, апаттың алдын алу. Осылайша, теміржол бойын жағалап өскен бала араға жылдар салып, өзі туған ауылдың үстінен талай рет жүйткіп өтті. Бұған да кішкентай бауырлары қол бұлғап, ақ жол тілеп тұрды.

 

***
Машинистер арасында «Соңғы поездканың жүгі ауыр» дейтін тәмсіл бар. Бұл жолы Мейрамның тепловозына тіркелген вагондардың емес, байырғы машинист санасында жаңғырған ойдың салмағы ауырлап келеді. Жол бойында өткен өмірі, әрбір сәт, әрбір оқиға әлдебір қызықты киноның таспасындай көз алдынан зуылдап жатыр. Мына бір оқиға тіпті көмескіленбеген күйі ойына орала кетті…

Бірде жүк пойызымен Жез­қазған қаласынан шығып, Қарағандыны бетке алып, жүйткіп келе жатқан. Қарағанды жол бөлімшесінің диспетчерінен хабарлама түсті. Жолшыбай «Манадыр» станциясына тоқтау керектігі тапсырылды. «Келесі жолаушылар пойызы келгенше кешігіп қаламыз. Станцияда теміржолшының аяғы ауыр келіншегі толғатып жатыр. Шұғыл түрде Жаңаарқаға жеткізу керек!». Диспетчерден түскен тапсырманың жалпы нобайы – осы.

Тоқтады. Аяғы ауыр келіншекті тепловоз кабинасына мінгізіп алып, жедел қозғалды. Қас қылғанда, келіншек Жаңаарқаға дейін шыдайтын түрі жоқ. Толғақ күшейіп берді. Тығырықтан шы­ғар жол іздеген Мейрам Рыс­құл­ұлы тепловоз тізгінін жас кө­мек­шісіне тапсырып, қиналған келіншектің жанынан табылды. Ақыры не керек, тепловозға келіншекпен бірге мінген туысқаны екеуі жас ананы аман-есен босандырып алды. Дәрі-дәрмек қобдишасындағы құрал-жабдықтарды пайдаланып, нәрестенің кіндігін кесіп, шақалақты анасының қолына тапсырды.

Сол оқиғадан кейін әріптестері Мейрамды «акушер», «кіндік әке» деп қалжыңдайтын болған.

 

***
Өмірінің 44 жылы теміржол саласында өтіпті. ТЧ-15 мекемесінде табан аудармай осынша жыл еңбек етті. Алғашында ДЕПО-ға слесарь болып орналасқан. Слесарь болып істегенінің де пайдасын талай көрді. Жолда орын алатын жеңіл-желпі ақауларды өзі қалпына келтіріп алып, діттеген жеріне кестеден кешікпей жеткені үшін сан мәрте алғыс арқалады. Тағы бірде Жезқазғаннан шыққан тепловоз қозғалтқышының бір секциясы Қызылжар станциясына келгенде істен шықты. Оны жөндеу мүмкін емес. Мамандандырылған ДЕПО-да «үшкірмесе», жол бойында қалпына келтіре қою болмайтын шаруа. Жүк тиелген составпен жолда қалу – ТЧ-15 мекемесі үшін ауқымды шығын. Жолдағы көптеген пойыздың кес­тесіне кедергі келтіреді. Тапсырыс беруші тараптың жүгі кешіксе, олар да шығынға батады. Ол шығынды өндіріп алу тағы бар… Түпкі шешімді қабылдайтын да – машинист. Осы жолы тәжірибелі машинист Мейрам Итбаев бір секциямен жүре беруге тәуекел жасады. Мұндай жағдай бұрын-соңды орын алып көрмеген екен. Екі секцияны алма-кезек қосып отыр­маса, жалғыз секция ұзақ жолға шыдас бермейтінін де жақсы түсінеді. Сонда да, «тәуекел етіп, тас жұтуға» тура келді.

Сөйтіп, жалқы секциямен пойызды Жаңааарқа станциясына аман-есен жеткізген. Тексеріс басталды. Түсінік жазу, ақау себебін анықтау, кінәліні жазалау… Бізде қай салада болсын, осындай бюрократиялық үрдістің бел алып тұрған кезі. Жоғарыдан «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы қызметтік тексеріске білек сыбана кірісіп кеткен. Сараптама жасалды. Ақырында бұл тепловоз үш рет жоспарлы жөндеуге кірмеген, секцияларының әбден тозығы жеткендігі анықталды. Астанадан келген техникалық сарапшылардың бірі тексеріс қорытындысында: «Егер бұрынғы заман болса, машинист Итбаев Социалистік Еңбек Ері атанар еді. Жалғыз секциямен жүк тиелген составты осынша қашықтыққа жеткізу – нағыз ерлік» деген екен.

 

***
…Ойына өзін осы кәсіпке бау­лыған тәлімгерлері оралды. Мей­рамның бойынан ерекше қа­сиеттерді аңғарып, оның слесарьлықтан машинистің көмекшісі болып ауысуына ықпалы тиген сол кездегі ТЧ-15 мекемесінің басшысы Петр Москавой, кадр бөлімінің басшысы Ләззат Рахимова, алғашқы машинисі Қорғанбек Оразбаев, нұсқаушы-тәлімгері Сақанай Тәжібаев, тәжірибелі машинист Чапай Оразбековтің шапағатын қалай ұмытсын?!

Өзі де абыройсыз, марапатсыз емес. Аты аталған тәлімгерлерінен сіңірген тәжірибесіне сүйеніп, өзінің еңбексүйгіштігі арқасында салалық министрліктің де, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының да сансыз марапаттарын иеленді. Жоғары санатты машинист атанды. Асыл жары Үміткер Жанайдарқызы екеуі ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп, немере қызығына кенеліп отыр. Өзекті өртейтін өкініштері үлкен ұлдары Алтынбектің беймезгіл, жұмбақ жағдайда өмірден озғаны болмаса, бақыттың бесігінде тербелген, қарапайым еңбекпен көсегелері көгерген отбасының бірі.

Жалпы, Итбаевтар әулеті – те­міржолшылар династиясы. Әкесі Рысқұл марқұм өмірінің жарты ғасырдан астамын теміржол бойында өткізді. Қарапайым жолшыдан бастап, бригадир, кезекші лауазымдарын абыроймен атқарды. Рысекең марқұмның Мейрам бастаған бес баласы осы салада тер төкті. Итбаевтар әулетінің теміржол саласындағы еңбек өті­лі екі жарым ғасырға жуықтап қалған екен.

Қазір Мейрам ағаның жалғыз ұлы Асыланбек те әке жолын қуып, машинист болып еңбек етіп жүр. ІІ санатты машинист Асланбек Мейрамұлы – бүгінгі таңда «Тальго» жүрдек пойызын тізгіндеген жас мамандардың бірі.

 

***
Зейнет демалысына шыққалы тепловозын сағынып жүр. Арасында жұмысқа киетін майсіңді күртесін иіскеп қояды.

…Бүгін Мейрам Рысқұлұлы жолға шықты. Қарағандыға. Ұлы Асыланбектің «Машинамен барайық» дегеніне құлақ та асқан жоқ. Пойызға отырды. Машинист емес, жолаушы болып. Қаба жалды қара айғырдай кісінеген теп­ловоз жетегіндегі жолаушылар пойызы қара жерді солқылдатып жүйткіп барады. Мейрам ағаның жүрегі солқылдап қоя берді. Балдәурен шағының алтын бесігі 56-разъезден өтіп барады. Ана қырда мал қайырып, мына дөңде өткен пойызға қол бұлғаған. Сол көрініс бүгін де қайталанып тұр. Ауыл балалары пойызбен жарыса жүгіріп жүр.

Болат жолдың бойында болаттай берік болып қалыптасқан болмыстың да толқитын сәті болады екен. Мекеңнің де көңілі толқып барады.
Мерекеңіз құтты болсын, Мейрам аға!

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button