Теміржол жөнделеді
11 млн. 300 мың теңге Қарағандыдағы балалар теміржолын жөндеуге жұмсалмақ. Бұл қаражатқа составтың экипаждық бөлігі күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, шпалдар ауыстырылады.
Бөлінген қаражаттың басым бөлігі локомотивтің экипаждық бөлігіне жұмсалады. Оның құрамына екі арба кіреді. Оның біреуінің тартушы электрқозғалтқышы сынып қалған. Сонымен қатар, дөңгелектер, моторлық-белағаштық мойынтіректер және моторлық-дөңгелектік блок тексеріледі. Қазір осы жұмыстарды атқаратын мердігер фирманы анықтау үшін байқау жарияланды.
Сонымен бірге составтың вагондары да қалыпқа келтіріледі. Олардың сырттарын сырлап, орындықтары поролонмен және материалмен тартылып, едендеріне линолеум төселеді. Теміржолда 380 шпал ауыстырылады.
Балаларға арналған теміржолдың ұзындығы 5,1 шақырымды құрайды. Үш вагонға 120 адам сыяды.
Өз тілшімізден.