АймақБалқаш

Теміржол тарланына тағзым

Балқаш қаласында теміржол саласының ардақты ардагері, ел дамуына сүбелі үлес қосқан ұлағатты тұлға – Төлеу Есболовтың рухына тағзым ретінде ескерткіш тақта орнатылып, салтанатты түрде ашылды. Ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтың өнегелі өмір жолын ұлықтауға арналған тағылымды шараға қалалық мәслихат төрағасы Ахат Мұслымов, теміржол саласының ардагерлері, Төлеу Есболұлының замандастары мен шәкірттері, туған-туыстары және қала тұрғындары қатысты.

Сурет автордан

– Төлеу Есболұлының Бал­қаш теміржолының дамуына сіңірген еңбегі, ұжымдағы абыройы, азаматтық келбеті – бүгінгі ұрпаққа тағылым, ертеңгі буынға өнеге. Ардақты тұлға өз ісінің маманы ғана емес, халықпен етене араласқан, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше көмек берген шынайы қоғам қайраткері болды. Қала тарихында өзіндік орны бар осындай тұлғаларымыздың есімін ұлықтап, олардың өнегелі жолын есте қалдыру – біздің азаматтық парызымыз. Осы мемориалдық тақта – Төлеу Есболұлының елге сіңірген еңбегінің мәңгілік ескерткіші болмақ, – деді Ахат Мұслымов.

Сонымен қатар, құттықтау сөзін жеткізген теміржол саласының ардагері Аманбай Төлеу­шин, қоғам қайраткері Қадыржан Тейлянов, бөлімшенің бас инженері Қайролла Садуақасов, теміржолшы-әріптесі Татьяна Голубых және Құрметті теміржолшы Аманжол Омаров, Төлеу Есболұлының тек кәсіби шеберлігімен ғана емес, адамгершілігі, әділеттілігі мен елге жанашыр болмысымен есте қалғанын атап өтті.

Айта кетейік, Төлеу Есболұлы 1940 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында дүниеге келіп, жасынан еңбекке ерте араласқан. 1958 жылы Ақмола теміржол техникумын тәмамдаған соң, Қарағанды теміржол бөлімшесінде еңбек жолын бастап, кейін Көктіңкөл, одан соң Балқаш теміржол станцияларында түрлі басшылық қызметтер атқарды. Ол станция бастығы лауазымына дейін көтеріліп, Балқаш теміржол торабының дамуына тікелей ықпал етті. Төлеу Есболұлының жетекшілігімен Балқаш станция­сы жаңа вокзалмен толықты. Теміржол жүйесі жетілдіріліп, заманауи технологиялармен жабдықталды. Бұл – оның кәсіби шеберлігінің, іскерлік қабілетінің айқын дәлелі. Азаматтың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иесі, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1989 жылы «Құрметті теміржолшы» атанса, 2000 жылы туған қаласы Балқаштың Құрметті азаматы атанды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button