Теміржол қиылысында
Пенде дегенін жалғыз аяқ жолмен жүреді, сосын
әлденені тауып алады, бәлкім ол күніне жүз рет
көрген заты шығар, бірақ осыншалық қадыр-қасиетін
енді аңғарып, қуанышына шек қалмай айқайлайды.
Бұл не сонда?… д
Оралхан Бөкей
Г-ға.
Автор
Берікбол ұялы телефоныма «келін түсірдім, кел…» деп хабарласты да, бүгіндікке құрған жоспарларымның астан-кестенін шығарды. Енді кітапханадағы жиналысқа емес, вокзалға барып, Айыммен кездесіп, сағат екіде жүретін автобуспен ауылға кететін болдым.
Айым екеуіміз бұрыннан таныспыз. Бір-бірімізді ұнататынымыз да рас, бірақ сезім жайлы ашық сөйлесудің орайы келмей жүр. Оның тым ұялшақ мінезі бар. Барлығына сол кінәлі. Сұрағыңа қысқа жауап береді, кезегінде қысқа жауап талап ететін сұрақ қояды. Сонымен әңгімеміз тәмәм. Бірақ осы мінезімен де ұнайды емес пе? Не болса да армансыз сөйлесіп, қарым-қатынасымыздың бүк-шігін анықтап алу мүмкіндігі туып тұр.
Ол вокзалға уақытында келді. Сол баяғы қалпынан өзгермеген екен — адамға тік қарамай, жүзін тайдырып әкете береді. Басын изеп, тек сосын барып «сәлем» дейді сыбырлап. Өзінен-өзі ыңғайсызданып, қолын қоярға жер таппай, біресе көйлегінің жағасын, біресе шашын түзейді.
Автобусқа отырғызу басталғанда Айымнан бұрын өтіп, терезе жақтағы орындыққа жайғастым. Сосын осы қылығыма ыңғайсызданып, жанарымды шынының әр жағындағы тас қаланың көшелеріне жасырған болдым. Ішімді мысықтай тырнап, маза бермеген кезекті экспериментті ұйымдастыру үшін алған екі-үш шөлмек сыраның бірі ашылды. Енді жайбырақат ұрттап қойып, бірер сәт үнсіздікпен ойнау керек. Өз оймен өзі арпалысып алсын.
Автобус жолаушыларын әлдилеп, кейбірін ұйқыға, кейбірін қалың ойға батырған. Айым таңсық ортаға бойын үйретіп, жан-жағына елеңдеп, қолайнасына ұрланып қарай берді, менің де сан мыңдаған ойларым бір арнаға тоғыспай-ақ қойды. Қарағандыны Қарқаралымен жалғап тұрған тас жол дөңгеленген дүниедей автобус астында сырғанайды.
Ойым онға бөлініп, әңгіме бастаудың қисынын таба алмаған соң:
– Салыстырмалы түрде автобус өмірдің көшірмесі сияқты, ә? – дедім пәлсапалап. Айым сәл ойланды да:
– Иә, – деді, басын шұлғып жауап беретін әдетімен. – Өмір деген — жол, біз — жолаушылармыз.
– «Уақыт өтіп жатқан жоқ, біз кетіп бара жатырмыз» дегенді түсінбей жатамыз. Ол үшін сапарға шығу керек… – дедім арадағы бірер сәт билігін жүргізген үнсіздік кеңістігін қайта толтыру үшін. Айым шашын құлағының үстіне қайырып, басын изеді. Мен де сөз таба алмай қиналып, шыбындаған аттай басымды шұлғи салдым.
Жанарымды сайын даланың шексіз көкжиегі ұрлай берді. Терезеге қарап, автобустың әлдиімен ұйықтап кетіппін…
* * *
Қанша ұйықтағаным белгісіз, әйтеуір автобус теміржол қиылысына тоқтаған кезде оянып кеттім, жүрегі дүрсілдеп поездъ өтіп жатыр екен. Жолаушылардың онымен ісі жоқ, көбі ұйқы құшағында. Сыраның бөтелкесі қолымнан түсіп барады екен, қыл мойнынан қысып, қылғыта жұттым. Жылып кеткен екен, дәмі аса ұнамады. Батылдану үшін емес, экспериментімнің жоспары бойынша, яғни, Айымның мастығыма сенуі үшін ішіп отырмын. Бұл — жігіттердің кейін ақталуға немесе көздеген мақсатына жете алмай қалса сылтау ретінде қолдануға ыңғайлы әдіс-тәсіл… Ешқайда қашып кетпегенін біліп тұрсам да сыра бөтелкелерін түгендеп жатып:
– Құрдастарымыздың үйлене бастағаны қызық, ә? – дедім жаңалық ашқандай. Сосын міз бақпастан қолымды иығынан асыра құшақтап, өзіме жақын тартып, бетінен иіскедім. Қарсылық көрсетпегені қандай жаман! Жалынышты жанарымен «түсінбедім?» дегендей сұрақ қойып, ұнатпай қарайды ма деп ем, қателесіппін. Не менің мастығыма сенгендіктен қарсыласпай отыр, не жақсы көреді.
Берікбол бізді Қарқаралы жолының бойындағы Көктас ауылы бұрылысынан күтіп алды. Маңғаз басып, құшағын кеңге жая амандасқанынан, арқамды күректей алақанымен қайта-қайта қаққанынан отбасы құрдым деген мақтаныш сезілетіндей.
– Ғашықтар, қалайсыңдар? Ауылға сен де келін әкеле жатыр деп әңгіме таратып жібердім. Нағашыларың дайындалып жатыр – дейді қарқ-қарқ күліп. Алма бұл әзілге өтірік жымиған болып, мен жаққа «күйеуім қандай өзі» дегендей ұрлана қарап қойды. Сосын жанарын тайдырып әкетіп, алыстан қол бұлғаған Қарқаралының тауларына қарады да, қос тізесін қатар бүгіп, әлдебір шешіммен келіскендей: «Қандай әдемі!» – деп, әңгіменің ауанын бұрғысы келді.
Берікбол өміріндегі елеулі өзгерісті айтудың орнына, құстай ұшқан ақ жигулиін мақтап, ауылдың бітпейтін әңгімесін шертіп, көзді ашып-жұмғанша бізді Тоқтар ауылына алып келді. Ағаштардың арасынан сығалаған үйлер де, арқасын күнге қыздырып, ұзынан-ұзақ созылған тас жолдар да, жағасын сипай аққан жайбасар Жарлы өзені де сол баяғы томаға тұйық қалпында екен. «Келін келді-ау, жастықтың мерекесі-ау» деген қуаныш ешбірінен сезілмейді.
Нағашы атамның шаңырағына амандасып шыққан соң, Берікболдың үйіне қайтып келдім. Негізгі ойым Айымның қамы. «Қайырлы болсын» айтып келіп-кетушілер легі толастамаған екен. Бірін танып, бірін танымай жатырмын. Танығандардың дәстүрлі сұрағына дайын жауап қайтарып, жадырап жүргендердің жасанды жүздерін бақылаймын деп ішім әбіден пысты. Жатын бөлмелердің бірінде басына орамал тағып, ақ келінге айналған құрбысымен отырған Айымды ауылды аралауға шақырайын деп ем, орайы келмей-ақ қойды.
Кешкілік дәстүр бойынша жастар жиналып, дастархан жайылды, аулада би ұйымдастырылды. Жалғыз шамның сығырайған жарығы астында масайраған көңіліңді шарықтаған әуенге лақтырып, көзіңді жұмып, өзіңді көкке ұшып бара жатқандай сезіну қандай рахат! Бейне таудан құлаған қар көшкіні сияқты қадам сайын үдей түскен би ауаны бойыңды билеп алып, әлдеқайда әкетіп бара жатады. Өзіммен-өзім есім шығып жүргенде, көзімнен таса боп қалған Айымды бізден бір сынып жоғары оқыған Дидар деген жігіт биге шақырып үлгеріпті. Тіпті қолынан, белінен ұстап, көлеңке сынды жанынан қалмай, жоспардағы экспериментімнің тас-талқанын шығарды.
Не үшін ашуланғанымды білмеймін, мүмкін бойымды билеп алған қызғаныштан, мүмкін жоспарымның іске аспай қалғандығынан, әйтеуір, би алаңынан кетіп қалдым.
«Жүрсін солай…»
Қараңғылықтың да әдемілігі болады екен-ау! Аспанда еркелей жүзіп, жанарды арбаған күміс табақ ай, сансыз шамын жаққан жұлдыздар тылсымдылықтың қақпасын ашып, шексіз әлемнің шетіне жетелейтіндей. Мен сүттей жарық далада келе жатқанда әрбір шидің түбіне, ой-шұңқырға тығылған белгісіз күштің бақылауына түскендей сезім кештім. Шатыры ғаламға шағылған үйлерден алыстаған сайын би алаңының әуені құлаққа талып жетіп, бейберекетсіз «шегірткелер синфониясы» басымдылық таныта бастады. Ауылдан қыдырып шыққан қыздар сынды бір топ ағаш үп еткен желге қол соғып, музыканттарға қошемет көрсетті. Жарлы өзені ай жүзімен аймаласып жатыр екен. Көз алдыма Айымның Дидармен билеп жүргені елестеді…
«Менен ұялмай ма, кім көрінгенмен билеп, қолынан ұстатып…»
Бұл не? Қызғаныш па? Мүмкін Айымды шынымен жақсы көретін шығармын? Құмға «ЖЕК КӨРЕМ» деп жаздым. Құм уланғандай. Айтылғаннан – жазылғаны ауырырақ сөздер болады екен-ау…
Ауыл жақтағы әуен таң ата қараңғылықпен бірге ауаға сіңіп жоғалды. Көкжиек ағараңдап, аспан жұлдыздары менің сөне бастаған үмітімдей көрінер-көрінбес сығырайған. Белгісіз әнді ыңылдап, ауылды бетке алдым. Қолында сүт толы шелек ұстаған Берікболдың анасы есік алдында кездесіп, жүзінің нұры төгіле: «зал жақта төсек салынған, сонда барып жата ғой» -деді.
Қазір үйге кірсем, ұзыннан-ұзақ төселген көрпешелердің бірінде Айым жатады, ол мені күтіп түнімен көз ілмеген болуы керек, әрине мен жігіттігімді аттап, жанына барып жатпаймын, әрірек жайғасам. Ол үнсіз жылайды, соны тыңдап, ыңғайсызданып, жүйкемді жұқартқанша, Қарағандыма қайтқаным жақсы. Осы оймен бір темекімді тартып алдым да, ауылдың әкімшілік ғимараты жақты бетке алдым. Қалаға баратын таксилердің ішіндегі ақ Нива автокөлігінде орын бар екен. Ойланбастан жайғастым. Бойымнан түндегі әлдекімнің бақылауындағы күдікті сезім әлі де арылмаған. Санамды «кімнен қашып бара жатырсың» деген ой талайды. Өзімнен шығар…
Ештеңе ойлағым келмесе де, неше түрлі сұрақтар кеудемде сапырылысып жатты: «Кеше кітапханадағы жиналыс қалай өтті екен?», «Берікболға ескертіп кету керек еді…», «Неге Айым үшін жүйкемді жұқартып жүрмін, жақсы көрмеймін ғой, әйтеуір…» Терезеге қарап, өзімді алдап жатқанда көзім ілініп кетіпті…
* * *
Қалаға жеткенше ұйықтасам екен деп ем, жер тепкілеген поездің даусынан оянып кеттім, теміржол қиылысына тоқтаған екенбіз. Бірақ Нива автокөлігінде емес, автобус ішінде отырмын. Жолаушылардың көбі ұйқы құшағында. Сыраның шөлмегі қолымнан түсіп барады екен, қыл мойнынан қысып, қылғыта жұттым. Иә, жылып кеткендіктен қышқылтым дәмі аса ұнамсыз. Бірақ ішу керек, батылдану үшін емес, экспериментімнің жоспары бойынша. Қалай болғанда да мас болып қалдым деген сылтау, өзіңді кінәлі сезініп жүруден жақсы емес пе?
Қолымды Айымның иығынан асыра құшақтадым да, өзіме жақын тартып, бетінен иіскедім. Қарсылық көрсетпеді! Яғни жақсы көреді.
Көктас ауылынан күтіп алған Берікболдың ақ жигулиімен көзді ашып-жұмғанша Тоқтар ауылына келдік. Томаға тұйық мекен әлі де көңілсіз екен. Кешкілік ұйымдастырылған би кешінде бар ісім Дидарды аңду болды. Ол қит етсе болды Айымға жақындау тырысып, біресе биге шақырып, біресе болмайтын әзілімен күлдіртіп, көлеңкесі сынды жанынан қалмай қойды. Осылай болатынын өзім де біліп едім.
Ашуландым да, би алаңынан кетіп қалдым.
«Несіне жетісіп күледі екен?..»
Ауылға таң бозарған шақта келдім. Көкжиек ағараңдап, аспан жұлдыздары кезекпен көздерін қысып, қол бұлғап сөнуде. Сиыр сауудың қамымен жүрген Берікболдың анасы: «зал жақта төсек салынған, сонда барып жата ғой» – деді.
Ұзыннан-ұзақ төселген көрпешелердің шет жағында жатқан Айымды көзім шалды. Жанына баруға батылым жетпей, әрірек жайғастым да, тұншығып жылағанын тыңдап жатып, көзім ілініп кетіпті.
Берікбол оятты. Қуғыншылар келе жатыр екен. Үй маңын реттеп, мал союға көмектестім. «Қайырлы болсын» деушілер әлі де толастар емес. Жастарға жеке дастархан жайылды. Айым кешігіп келіп, шет жатқа, Дидар маған қарама-қарсы жайғасты. Қандай шайтан түрткені белгісіз Айымды жаныма отыр деп шақырып ем, ол:
– Рахмет, осы жер де ыңғайлы – деп жауап қайтарды.
«Солай ма?»
– Дидар қызғаншақ емес, ренжімейді, кел… – дедім, әзілге айналдырғым келіп.
– Ренжісе, түнде ренжітін еді ғой – деді Дидар.
Жастар ду етіп күлді. Айым да жымиған болды. Тамаққа тәбетім шаппай, сәл-пәл отырдым да, сыртқа шықтым, алған бағытым әкімшілік ғимараты. Қалаға баратын көліктердің ішіндегі қара-сұр Мерседесте орын бар екен. Айтқан бағасына келісіп, алдыңғы орынға жайғастым. Санамды «енді кімнен қашып бара жатырсың» деген ой талайды. Өзімнен шығар…
Өткенді ойлай берсең өкпешіл болып кетесің. Өмірде тек алға қарау керек. Ауылда болған оқиғалар тізбегін ойлағым келмеді. Түні бойы көз ілмегеннен бе ұйықтап кетіппін…
* * *
Қалаға жеткенше ұйықтасам екен деп ем, ышқына кісінеген поездің даусынан ояндым, теміржол қиылысына тоқтаған екенбіз. Тағы да автобус ішіндемін, жолаушылардың көбі ұйқы құшағында. Сыраның бөтелкесі қолымнан түсіп барады. Қыл мойнынан қысып, қылғыта жұттым. Жып-жылы.
Көктас ауылынынан күтіп алған Берікбол Тоқтар ауылына алып келді. Кешкілік ұйымдастырылған би кешінде Айымға тиісе бергені үшін Дидармен төбелестім. Сыныптастарым да шетінен сорлы, бірі маған болыса алмады. «Қыз үшін төбелескені несі?» деп қояды. Айымның да есі жоқ. «Кім көрінгенмен билеп, қолынан ұстатып… Арзан әзілге күліп…». Берікбол досым да ренішін білдірді. Олар мені қайдан түсінсін? Ұйыққа түскен кеме сынды, жалқы оқиғаның сор батпағына жұтылып барамын, жұтылып барамын… Бұл әрекеттерімнің қашан, қалай, немен аяқталатынын болжау мен үшін дәл қазір мүмкін емес еді. Түнделетіп Ержан нағашымның Honda автокөлігімен қалаға қарай шығып кеттім. Санамды кімнен қашып бара жатсың деген ой талайды. Өзімнен шығар…
Қайталана беретін оқиғалар тізбегі. Не істеймін? Қалай болғанда да ұйықтап қалмау керек! Сағат неше? Он екі.
«Кеше кітапханадағы жиналыс не болды екен?»
«Тек ұйықтап қалмау керек, тек ұйықтап қалмау керек…»
Терезеден көзімді алмай, өзімді алдап жатып тағы көзім ілініп кетті… Жүрегі дүрсілдеп, жер тепкілеп, ышқына кісінеген поездің даусынан ояндым, сол баяғы теміржол қиылысына тоқтаған екенбіз. Тағы автобус іші, жолаушылардың көбі ұйқы құшағында. Сыраның бөтелкесі қолымнан түсіп барады екен. Қыл мойнынан қысып қылғыта жұттым. Қышқылтым. Бұл мәселені қалай болса да шешу керек. Мен көп ойланбастан қолымды Айымның иығынан асырдым да:
– Менің қызым болуға қалай қарайсың? – дедім.
«Иә, менің қызым боласың ба?»
Алмаз МЫРЗАХМЕТ,
Қарағанды 25 наурыз 2008 жыл.