АймақЖаңалықтарТеміртау

Теміртаулық ұстаздар марапатталды

Теміртау қаласының Мәдениет сарайында Мұғалімдер күні салтанатты түрде атап өтіліп, сол күні осынау қастерлі мамандық иелерінің мерейі артып, өз ісіне берілген бір топ адам марапатталды.

Суреттер автордан

Мәдениет сарайының кең залына жиналған ұстаздар қауымын Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Рауан Таран мерекелерімен құттықтап:–Ұстаз деген–қастерлі ұғым. Баланың санасына ақыл ұялатып, болашағына бағыт-бағдар беретін , олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыратын сіздердің еңбектеріңізге қашанда бас иіп, құрмет тұтамыз,–деп, осы жолда қол жеткен табыстары үшін бірқатар мұғалімдерді марапаттады.Бұлардың қатарында 8-ЖБОМ тарих пәнінің мұғалімі Қазина Ашадуллинаға Қазақстан Республикасы “Білім бері ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісі табысталып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталарын 7-ЖБОМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Ибраева, Ғабиден Мұстафин атындағы ЖБОМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Күлайша Бақтыбаева, 17-ЖБОМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Риза Қапатаева алса, Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамоталарына Әлихан Бөкейханов атындағы гимназияның директоры Құралай Нұрғалиева, 22-ЖБОМ директоры Алтынай Байбосынова, 29-ЖБОМ директоры Бисолтан Талғатбек, 42-ЖБОМ бастауыш сынып мұғалімі Маргарита Бикмухаметова, 7-ЖБОМ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елена Полтояйнен, 2-балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Қуаныш Хасенова, 2-ЖБОМ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аида Жаудинова, 19-ЖБОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтын Көшенова, 19-ЖБОМ тарих пәнінің мұғалімі Гүлшат Керімбаева, Ғабиден Мұстафин атындағы ЖБОМ бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Әділханова ие болды.

Бұдан кейін құттықтау сөз алған Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Ломакин Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хаттарын 32-ЖБОМ директоры Марина Ткаченко мен 8-ЖБОМ бастауыш сынып мұғалімі Дана Әбдірахмановаға табыс етіп, Теміртау қаласы әкімінің Құрмет грамоталарын педагогикалық еңбек ардагерлері Советгүл Терекбай, “Балбөбек” балабақшасының педагог-психологі Валентина Кузьмина, 28 ЖБОМ директоры Николай Аксёнов, қаладағы жеке меншік шағын орталықтардың директорлары Светлана Острецова, Юлия Калашник, Гүлзамира Садырбаева, Назиля Хусаинова, Галина Неделькина мен “Престиж” мектебі жеке меншік мекемесінің меңгерушісі Светлана Солдаева иеленді. Мерекелік салтанаттың концерттік бағдарламасында “Вдохновение” тобы “Қазақ биін” билеп,домбырашылар оркестрі Құрманғазының “Сарыарқа” күйін тартып, әншілер Қарлығаш Исаева “Мың алғыс саған ұстазым!”, Мағжан Сәдуақас пен Лаура Сәлімова “Ұстаздарға арналған әнім”, Ғалымжан Мәліков “Благодарю”,Алмат Ақжол “Көйлек” әндерін орындаса, “Жауыртау сазы” фольклорлық ансамблі мен балалар хорының өнеріне де көпшілік риза болды.

Соңынан марапат алғандар ескерткіш суретке түсті.

Ержан ИМАШ

ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button