Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік экскурсия жетекшісі – 2021» республикалық байқауында Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының гиді Валентина ПАВЛИК топ жарды.
Көкшетауда өткен байқауда Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының 12 үздік экскурсия жетекшісі бақ сынасты. Онлайн форматта өткен бірінші кезеңде әр қатысушы портфолио мен бейнекөрсетілім дайындап, іріктеліп, екінші кезеңге өткендер Көкшетауда бас қосты. «Туған жер» үй тапсырмасы – бейнежазбасынан басқа қатысушылар «Мұражай биатлоны» және «Мұражай дүрлігісі» тапсырмаларында өздерінің барлық білігі мен дағдысын көрсетуге тиіс болды. Жеңімпаз жерлесіміздің айтуынша, экскурсия жетекшілерінің жұмысына қатысты күрделі сұрақтар болған. «Тез жауап беру һәм абдырамау керек. Бұл мен үшін маңызды кезең болды. Сұрақтардың біріне жауап беру кезінде қазылар алқасы да, зал да маған назар аударды. Ең күрделі және қызықты болған үшінші байқауда біз актерлердің көмегімен қалпына келтірілген белгілі бір локация туралы айтуымыз керек еді. Маған Ұлы Отан соғысы кезеңі түсті. Дайындыққа бар болғаны 20 секунд уақыт берілді. Бәрі жақсы өтті, біз тіпті әйгілі әскери «Катюша» әнін шырқадық», – деді ол.
Марапаттау сәтіне дейін Валентина Павлик жеңіске жетем деп ойламаған. Айтуынша, қарсыластар өте мықты болды. Бірақ, құрамына белгілі музеологтар, экскурсия ардагерлері, қоғам қайраткерлері енген қазылар алқасы Валентина Павликті Бас жүлдеге лайық деп шешіп, 500 мың теңге ақшалай сертификат табыстады.
– Менде мұндай тәжірибе болған жоқ. Бұл – үлкен жетістік, әрі қарай дамуға деген үлкен мотивация. Қазір әріптестеріммен келесі жылы «Рухани қазына» фестиваліне жоба дайындаудамыз. Алдағы уақытта өз тәжірибеммен бөлісіп, байқауларға қатысу үшін шеберлік сабақтарын өткізуім де мүмкін. Меніңше, біздің қалалардағы мұражай гидтері өз біліктілігін көрсете алады. Маңыздысы – тәжірибе, – дейді Валентина Павлик.
Бұл Валентина Павликтің биыл бұдан бөлек, Орталықтың жетекшілігімен «Рухани қазына» мәдениет және өнер қызметкерлерінің республикалық фестивалінде «Балаларға арналған онлайн-жоба» номинациясы бойынша үздік атанған еді.
Жәлел ШАЛҚАР.
ТЕМІРТАУ қаласы.