АймақЖаңалықтарТеміртау

Теміртаудың тойы дүркіреп өтті

Күні кеше Сарыарқаның сайын даласында Жауыртаудан Теміртауға айналған құрышшылар қаласының 80 жылдық торқалы тойы дүркіреп атап өтілді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұл жер де бағзы заманнан бабаларымыздың күл төккен орны еді. Ол туралы хатқа түскен алғашқы жазба деректе 1841 жылы Батыс Сібір губернаторлығы Ақмола сыртқы округіне қарасты Алсай-Алтай болысының қазақтары осында жаз жайлауда болғаны, ал 1900 жылдың қысында Елібай руы адамдарының қыстақтары орналасқаны айтылады. Содан 1909 жылы Ресейдің Самара және Саратов губерниясынан қоныс аударған орыс шаруалары Самарқанд кентін (оның неге солай аталғаны белгісіз. Мүмкін Самарадан алынған шығар – автор) құрады. Сол кезде мұнда 118 үй, екіден диірмен мен сауда дүкені, 7 құдық, мектеп пен аурухана болып, көшелері Нұра мен Қарағанды деп аталған екен.

Кеңес өкіметі орнаған соң 1932 жылы осы өлкемен ағып өтетін Нұра өзенінің суы бөгеліп, ҚарГРЭС құрылысы басталып, 1939 жылы ол аяқталады. Ұлы Отан соғысы басталғанда, кенттен майданға аттанған 300 адамның 264-і қаза тапқан. Сол 1942 соғыс жылында ҚарГРЭС-1-дің бірінші кезегі іске қосылып, станция Қарағанды өнеркәсіп аймағын, кенттер мен колхоздарды электр энергиясымен қамтамасыз ете бастайды. Осында ашылған Қазақ металлургия зауытында 1944 жылдың 31 желтоқсанында қазақстандық алғашқы болат алынып, 1945 жылдың 1 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Самарқанд жұмысшы кентінің Қарағанды қаласының аумағынан бөлінуі мен Теміртау атауын бере отырып, оны облыстық маңызы бар қалаға айналдыру туралы» Жарлығы шықты.

Міне, осы кезден Теміртау қаласының жаңа дәуірі басталып, бүгінде ол еліміздің металлургия өндірісінің алып ошағы болып, атақ-даңқы алыс-жақын шетелдерге тарады. Оны кезінде КСРО құрамында болған республикаларды мекендеген ұлттардың мыңдаған өкілдері көтеріп, дәулетіне сәулеті сай қала атанды. Сол үшін 1958 жылы Бүкілодақ екпінді комсомолдық құрылыс болып жарияланып, Қазақстан Магниткасының домна пеші тұңғыш шойынын берді. Осылайша өндірістік қуаты артып, өсіп-өркендеген Теміртау қаласы 1971 жылы елімізде бірінші болып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ металлургия зауытына Атасу және Оңтүстік Топар кен басқармалары қосылуының негізінде Қарағанды металлургия комбинаты құрылды. Сонау тоқсаныншы жылдары шетелдік инвесторлардың қолына өтіп, «Миттал Стил Теміртау» атанған компания қайтадан отандық инвесторлар иелігіне көшіп, «ҚарМет» акционерлік қоғамы болды. Қалада бұдан басқа да «Имсталькон», «Карбид» өндірістік бірлестіктері, «Металлургқұрылыс» сияқты көптеген ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, жоғары және орта арнаулы оқу орындары, мектеп, балабақшалар, емдеу және мәдениет, спорт нысандары жұмыс істеп, оларда мыңдаған теміртаулық еңбек етеді. Сан ұлт өкілдері мекендейтін құрышшылар қаласында қазірде 186 мыңдай адам тұрып жатса, соның 40 пайыздан астамын қандастарымыз құрайды.

Сонымен, қала мәртебесін алғанына 80 жыл толған мерейтойын тойлаған құрышшылар мекені сол күні қуаныш құшағына бөленді. Таңертеңнен Бірлік алаңында басталған мерекелік шараларды теміртаулықтар ғана емес, қала қонақтары да қызықтап, тамашалады. Оның бағдарламасы бірнеше блоктарға бөлініп, бірінші «Балалар» блогында сайқымазақтары мен қуыршақтары бар анимациялық бағдарламалар, балалардың вокалдық және би ұжымдарының қойылымдары, спорттық эстафеталар ұйымдастырылса, «Жастар» блогында биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Болашақ мамандығы» техникалық колледждердің көрме-таныстырылымы, би жарысы, диджей-сеті, «Жастар грантын» иеленген кәсіпкерлердің көрме-сатылымы өтті. Ал, Арнайы қызметтер техникасының көрмесі блогында мерекеге жиналған жұрт әскери, полиция, өрт сөндіру, құтқару және медициналық жедел жәрдем көліктерінің жаңа үлгілерімен танысып, «Мұражай» блогында жеке тігілген киіз үйдің ішіне Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының экспонаттары қойылып, олар туралы осы мекеменің аға ғылыми қызметкерлері Татьяна Хмелева, Гүлім Сыздықова, Айнагүл Қадырқанова кіріп-шыққан адамдарға кеңінен әңгімелеп, мол мағлұмат берді. Теміртаудың тарихынан сыр шертетін жазба деректер мен суреттерді де осыдан кездестірдік. Ал киіз үйдің жанындағы шатырда жергілікті қолөнер шеберлері жасаған сәндік-қолданбалы бұйымдар сатылымға шығарылыпты.

Көпшіліктің тағатсыздана күткен концерті кешкі 17.00 сағатта басталды. Сол екі арада жаңбыр жауа бастап, қолшатырларын төбелеріне ұстаған алаң толы халық қашан ол біткенше тұрған орындарынан тапжылмады.
Мерекелік концерт басталар алдында даладағы үлкен сахна төрінен Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов пен «ҚарМет» АҚ бас директоры Вадим Басин қаланың 80 жылдығына байланысты жерлестеріне құттықтау тілектерін жолдаса, өзі өсіп-өнген қаласының мерейтойына арнайы келген тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров те тебірене сөйледі. Сондай-ақ, теміртаулықтарды тағы да даңқты жерлестері, әншілер – Халықаралық конкурстардың лауреаты Роман Ким мен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жәмила Баспақованың да осы қуанышқа ортақтасып, ән салғандары бір желпінтті.

Концерттің шымылдығын теміртаулық «Жауыртау сазы» ансамблі Ықыластың «Жезкиік» күйімен ашып, «Гюзель» хореографиялық ансамблінің бишілері соның әуенімен мың бұралды. Қарағанды музыкалық комедия театрының артистері де бірнеше ән орындап, жас әншілер Әдемі Найманбай мен Алуа Төлеутай «Сәлем саған, туған ел!» әнін асқақтата шырқады.

Теміртаудың 80 жылдық торқалы тойына арнайы шақырылған Қазақстанның эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас, Жанар Дуғалова, Садраддин, Калифорния, «Формат» тобы да концерттің қалған бөлігінде әсем әндерімен тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырды. Жергілікті ақын Руза Алдашеваның сүйікті қаласының дүбірлі тойына арнаған өлеңін де ел сүйсіне тыңдап, дуылдаса қол соқты.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Теміртаудың 80 жылдық торқалы тойы бар қызығымен өтіп, соңы отшашумен тәмамдалды.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button