Теміртауды түрлендірер күн жақын

Ел аман, жұрт тынышта күйелеш қарға оранып, тыныстары тарылған теміртаулықтардың айы оңынан туып, кеуделерін кере дем алатын күн жақын. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургтер қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2029 жылға дейін 2 миллиард АҚШ долларын бөлуді жоспарлапты. Инвестицияның 40 %-ы экологиялық жобаларды жүзеге асыруға, 60 %-ы өндірісті жаңғыртуға бағытталмақ. Егер мақсат толығымен жүзеге асса, Теміртау экология тұрғысынан елдегі ең таза қалалардың біріне айналады. Бұл туралы компанияның бас директоры Парамжит КАЛОН облыс әкімдігінде өткен кездесуде мәлім етті.

Теміртаудағы экологиялық жағдайды жақсарту қажеттілігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы іссапарында да, облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездесу барысында да айтқанын білеміз. Осыған орай, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту жоспары бекітіліп, оның аясында қала көгалдандырылып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургия комбинатындағы жабдықтар жаңартылады. Шаралар табысты болса, Еуропа елдерінің экологиялық деңгейіне жетуге, тіпті, бірқатарын басып озуға мүмкіндік бар. Болжамға сүйенсек, жоспар 2029 жылы толық орындалады.

Президент тапсырмасын бұлжытпай орындау – міндетіміз. Біз оны қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға тырысамыз. Алға қойған мақсатымыз бар, бірақ, «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры салынса, жоспарды мерзімінен бұрын, яғни, 2025 жылы орындаймыз деген ойдамыз, – дейді металлургия комбинатының бас директоры.

Теміртаудың проблемасына аймақ әкімдігі де бел шеше кіріскен. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов мемлекеттік орган, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тәуелсіз экологтар, депутаттардан құрылған кеңес құрылып, жұмыс жасап жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында Теміртауды жылумен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Екінші жылу электр станциясында жаңа 7-ші қазандықтың құрылысы басталмақ. Құрылыс жұмыстарына 50 миллион АҚШ долларын бөлген компания қазандық іске қосылған сәттен бастап, теміртаулықтар да жылу проблемасынан толығымен арылатынын айтады. Жабдықты жеткізетін ТМД елдері нарығында танымал «Подольск машина құрастыру зауыты» АҚ. Қазандық жұмысы екі түрлі отынды, яғни, көмірді әрі газды пайдалануға негізделеді.

Парамжит КАЛОН, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:

– Теміртаудағы жағдайды қазір тым жаман деп айта алмаймыз. Барлығын жіті бақылауда ұстап отырмыз. Жетінші қазандықтың құрылысын аяқтап, дұрыс жұмыс жасауы үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылы аяқтауды және іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, Елбасы экологиялық жағдайдан бөлек, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға металлургтер қаласында бірнеше әлеуметтік нысандар салуды да тапсырған болатын. Олардың қатарында жаңа емхана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және балабақша бар. Наурыз айының соңында облыстың және қала әкімінің қатысуымен аталған нысандардың іргетасы қаланады.

Қызметтерінің ашық әрі жасырын емесін айтқан Парамжит Калон жобаның орындалу барысын қадағалау үшін тоқсан сайын кездесуге ұсыныс жасады. Алпауыт компания басшысы ауқымды жобаны жүзеге асыруда облыстың және қала басшысының көмегіне мұқтаж екендігін де жеткізді.

– Жоба – ауқымды, оны жүзеге асыруға уақыт керек. Теміртаулықтар да арандатушылардың сөзіне ермей, шыдамдылық танытса екен деймін, – деді комбинаттың бас директоры.

Облыс басшысы Ерлан Қошанов Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовке әлеуметтік нысандар құрылысы кезінде туындайтын мәселелерге қатысты көмек көрсетуді тапсырды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»