Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 11 қаңтарында берген тапсырмасы бойынша құрылған қоғамдық әлеуметтік «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қолдауымен Теміртау қаласының барлық 30 мектебінде заманауи спорт алаңдары ашылды.

Бұл күнгі салтанатқа облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, осы қордың Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, облыстық білім беру басқармасының басшысы Дулат Жекебаев, Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов, оқушылар мен олардың ата-аналары, спортшылар қатысып, олар қаланың №8 және №17 жалпы білім беретін орта мектептерінде, «Балалар технопаркінде» болды.
Жалпы, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, Қарағанды облысына қордан бөлінген 4 миллиард 700 миллион теңгенің 700 миллион теңгесі медицина мен әлеуметтік, ал, 4 миллиард теңгесі білім беру салаларына бағытталса, соның 2 438 410 195 теңгесі теміртаулық 30 мектепте сол күні ашылған спорт алаңдарын салу мен жабдықтауға жұмсалған екен.
Міне, құрышшылар қаласындағы жалпы білім беретін №8 қазақ орта мектебі де осы қатарда. Ол «Қазақстан халқына» қорының екі бірдей жобасы бойынша 110 502 991 теңгеге қаржыландырылып, 2024 жылы «QH – Қарағанды облысының мектептерінде «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы аясында ондағы физика, химия, биология пәндерінің кабинеттері зертханалық, интерактивті, компьютерлік жабдықтармен және дидактикалық материалдармен қамтамасыз етілген көрінеді. Жоба құны – 35 945 869 теңге. Қордың қайырымдылығы нәтижесінде осындай игілікке қол жеткізген жоғарыдағы мектептің директоры Гүлбарам Үсенова келген қонақтарды заманауи үлгіде жарақтандырылған осынау пән кабинеттерінің жұмысымен таныстырып, бұдан кейін сыртта салынған жаңа спорт алаңының ашылу салтанатына кезек келді.

Биыл құны 74 557 112 теңге болатын «QH – Теміртау қаласының білім беру ұйымдары оқушыларының дене шынығуын дамыту» жобасын жүзеге асыру барысында мектеп аумағында футбол алаңы, 2/1 үлгісіндегі (волейбол/баскетбол) спорт алаңы, секіру аймағы және екі аймақтан тұратын алаң: көше тренажерлары мен воркаут кешені бой түзепті.
Сонымен қатар, 2025 жылдың жазында «Қазақстан халқына» қорының көмегімен қаладағы «Балалар технопаркі» ұйымы да заманауи кабинеттермен жабдықталған. Оның ішінде 10 оқу шеберханасы мен зертханалары: «Жасыл мектеп», «Жасанды интеллект» зертханасы, роботтехника және пилотсыз көлік зертханасы, бастапқы техникалық модельдеу, кеме үлгілеу, автоүлгілеу шеберханалары және телестудия кабинеттері бар. Бұл жобаның құны – 221 505 472 теңге.
Бұдан бөлек қаланың №4, №10, №17, №27 және №29 мектептеріне сыйлық ретінде хоккей корттары орнатылған.
Теміртау мектептерінің спорт алаңдарын салу жобасының ұйымдастырушысы және жетекшісі – «Батыр боламын» қоғамдық қоры. Олар 24 мың оқушыны қамтитын болады.
Біз айтқан №8 мектептің спорт алаңын ашу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей: – Президентіміз әрбір сөйлеген сөзінде елімізде адами капиталды қалыптастырып, дамытуды үнемі айтады. Сондықтан, «Қазақстан халқына» қорының теміртаулық оқушыларға жасаған бұл қайырымдылығының арқасында қала мектептерінен жан-жақты білімді, спортпен шыныққан жеткіншектердің түлеп ұшарына сенім мол, – деді.
Спорт кешенінің лентасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қордың Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов пен Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары, дипломатиялық қызметтің еңбек сіңірген қызметкері Гаухар Бейсеева және осы мектептің 10-сынып оқушысы Арысұлан Қожамұратов қиып, оның құрметіне зейнеткер ұстаздар Жұмабала Сәденова мен Фарида Мақұлбаева шашу шашты.
Осынау іс-шараға арнайы келген бапкер, мектеп түлегі, каратэ спортынан Әлем чемпионы, Қара белбеу иегері Нұрсұлтан Қожамұратов өз шәкірттерімен өнер көрсетіп, Гүлсінай Мұратова «Сарыжайлау» әнін шырқады.
Келесі №17-мектепте «Қазақстан халқына» қорынан 142 858 667 теңге қаржылай қолдау көріп, жоғарыдағыдай пән кабинеттерін жабдықтап, спорт алаңының салынуына қол жеткізген.
Ал, «Балалар технопаркінде» жұмыс істеп тұрған 6 үйірмеге жаңа құрал-жабдықтар сатып әперіліп, инженерлік бағытта тағы да 4 үйірме ашылып, оған қажет мамандарды оқытылған. Бұған қосымша қор осындағы тірек мектебі мен ерекше балаларға арналған мектеп-интернатқа да құрал-жабдықтар сатып алу мен оларға бейімделген спорт алаңын салуға қол ұшын созған.
Әлбетте, қандай да бір қайырымдылықтың қайтарымы бар десек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Теміртау қаласының мектептеріне жасаған жақсылығының арқасында мұнда білім сапасы да өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайыз артып, 56,9 пайызды құраған. 2024-2025 оқу жылының түлектері арасында 28 оқушы «Алтын белгі» иегері (өткен жылы – 20 оқушы) атанып, 52 оқушы үздік аттестат алған. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 927 түлек қатысып, олардың 201-і мемлекеттік грантты жеңіп алып, соның ішінде техникалық мамандықтарға оқуға түскендер де бар.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ТЕМІРТАУ



