Теміртауда ЖЭО-2 жағдайы жайлы мәлімделді
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-дегі жөндеу жұмыстарының мониторингі жалғасуда. Жағдайды қалалық штаб үнемі қадағалап отырады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нысанға барып, кезекті отырыс өткізді.
Аймақ басшысына жетінші қазандықтың құрылысы және станциядағы жөндеу жұмыстары туралы баяндалды. Кеңес компания өкілдерінің, мердігерлердің және энергетикалық қадағалау басшылығының қатысуымен өтті.
ЖЭО-2 директоры Сергей Кривовтың айтуынша, жылыту маусымына энергия көзі төрт қазандықпен кіреді. Тағы бір қазандық қазан айының соңына дейін дайын болады деп уәде берді компания өкілдері. Сонымен қатар, № 4 қазандықты жөндеу кешіктірілуде, ол қараша айына дейін аяқталмайды.
Ермағанбет Бөлекпаев барлық мәселелерді уақтылы шешуді талап етті. Облыс әкімі жылу желілерінің, сондай-ақ әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандар мен тұрғын үйлердің дайындығына ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков алдағы күндері жөндеу жұмыстары жүргізілген жылу желілерін гидравликалық сынау жоспарланып отырғанын хабарлады. Қала басшысы үйлердегі жағдайды да түсіндірді. Теміртауда 1181 көпқабатты үй бар. 256 үй проблемалы болып табылады, олар өткен маусымда ішкі коммуникацияларды тиісті түрде дайындамаған, соның салдарынан шартты түрде рұқсат алған. Алдағы жылыту маусымына дайындық кезінде барлық ескертулерді жою талап етілді. Қала әкімінің мәліметінше, қазір 140-қа жуық үй бақылауда тұр.
– Барлық шараларды қабылдаңыздар, мәселелерді шешіңіздер! Қаламен бірге жұмыс жасаңыздар! Өткен жылы станцияның кінәсінен жылу төмен болды. Жылыту маусымын біз уақытында бастап, қалыпты түрде өтуіміз керек. Бұл қала тұрғындары алдындағы ортақ жауапкершілігіміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев ЖЭО басшылығына сөйлеген сөзінде.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі