Теміртауда Аманжолов пен Подгорная көшесінде бұрыннан келе жатқан заңсыз төгілген қоқыс айлағы бар. Бүгінде сол жердегі қоқыс қалдықтарын жою үшін сегіз арнайы техника мен алты адам жұмылдырылған. Қоқыс тиеген техникалар күн сайын 30-40 рейс жасауда. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қолға алынып, бюджеттен арнайы қаржы да бөлінген.
Аманжолов көшесіндегі қоқыс үйіндісі тамыз айының соңынан бастап тазартыла бастаған. Оған жауапты – «Ботақара 2030» ЖШС мердігерлік ұйымы. Қызметкерлердің сөзіне сүйенсек, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары өте көп мөлшерде жиналғанын айтады. Одан қала берді аумақта терең шұңқырлар да бар. Ол шұңқырлар жол төсеу үшін қажетті қиыршық тастарды алу кезінде пайда болған-ды. Яғни, жол жөндейтін жауапты компаниялар жөдеу жұмыстарына қажетті қиыршық тасты осы жерден қазып алған. Кейін беті жабылмаған шұңқырлар қоқыс қалдықтарын төгетін орынға айналған.
– Қоқыс көп. Ұзақ жылдар бойы жиналып қалған. Қоқыстың басым бөлігі тұрмыстық және құрылыс қалдықтары. Қазірдің өзінде 65 мың тоннаға жуық қоқыс шығардық. Осыдан кейін аумақты қалпына келтіруді бастаймыз. Жерді тегістеп, ретке келтіретін боламыз, – деді «Ботақара 2030» ЖШС өкілі Рахат Омаров.
Қоқыс алаңдарын жою жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz