Теміртаудағы жарылыс туралы жаңа мәліметтер пайда болды
Теміртауда газ жарылған жерде әлі де үйінділерді тазалау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда үйінділердің шамамен 90%-ы бөлшектелген. Бірінші қабатта көлікжай (гараж), онда автокөліктер тұрғаны, көліктің біреуінде газ жабдықтары орнатылғаны анықталды.
Сонымен қатар, жәбірленуші қайғылы жағдайдың қалай болғандығы туралы айтып берді. Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, жәбірленушімен болған әңгімеден жарылыс дүкеннен сатып алынған оттықты тексеру кезінде пайда болғаны белгілі болды.
– 1993 жылы туған зардап шегушінің айтуынша, ол дүкенге оттық сатып алуға кірген. Кейін оттықты тексеру мақсатында оны тұтатқанын айтты. Осы уақытта 2-3 секунд ішінде жарылыс естіліп, бәрі құлаған. Осыған байланысты газ-ауа қоспасының жарылысы нұсқасы қарастырылуда, – деп хабарлады облыстық ТЖД.
Оқиғаның себебі мен мән-жайы жіті тексерілуде. ҚР ҚК 292-бабы, 2-бөлігі (абайсызда адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz
Сурет, видео: облыстық ТЖД