Теміртау қаласындағы “Qarmet ” АҚ креативтік технологиялар орталығында “Өткенге алғыс айтып,болашаққа сеніммен” тақырыбында мазмұны мол,тағлымды кеш өтті.
Бұл шара Қазақстан халқының бірлігі күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы,биылғы Жұмысшы мамандықтары жылына арналып,оған аталған кәсіпорынның ардагерлері шақырылып,қатысты.
Бұл іс-шара аясында осы комбинатта ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп,өндірістің өркендеуіне айрықша үлес қосқан қарт еңбеккерлерге құрмет көрсетілді.
Жиынға арнайы шақырылған құрметті қонақтарды Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев,болат департаментінің қызметкерлер құрамы жөніндегі директоры Вера Терешкина ,Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков құттықтап,бірнеше адамға Алғыс хаттарын тапсырды.
Сондай-ақ тағы бір топ ардагерге облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ассамлеяның байырғы мүшелері Сәлима Нұрмағанбетова,Вилен Молотов-Лучанский,”Вайнах” чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев,тағы басқалар елімізде халықтар бірлігі мен достығын бұрынғыдан да нығайта беруіміз керектігін айтты.
Тағлымды кешке қатысушылар құрметіне теміртаулық өнерпаздар концерт қойды.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Суреттер ұйымдастырушылардан