Теміртаудағы сенбілікке 170-тен астам адам қатысты
Теміртау қаласында үш бірдей шара қатар өтті. Біріншіден, “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік болды.
Мәселен, 2-шағын ауданда өткен сенбілікке Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімі мен оған қарасты мекемелер “Діни конфессияаралық қатынастардың мәселелерін зерттеу және сараптау орталығы” ҚМҚК, “Жастар орталығы” ҚМҚК, волонтёрлер, “Теміртау қаласының қыздар гимназиясы” КММ, 20-ЖБОМ ұжымдары мен Мешіт жамағаты, “Мисс Теміртау” байқауына қатысушылар, “Карметсервис” ЖШС мен “Гастроном 55” дүкендерінің қызметкерлері, барлығы 170 адам, 3 жүк машинасы мен 1 қоқыс тасушы техника жұмылдырылып, 300 қап қоқыс жиналып, сыртқа шығарылды.
Тағы да “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы шеңберінде және “Жасыл ел” жобасы аясында бүгін Теміртау қаласында 80 түп ағаш,и40 қарағай мен 40 қайың көшеттері отырғызылды.
Бұл ағаш отырғызу жұмыстарына Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов пен орынбасары Рауан Таран, қалалық мәслихаттың төрағасы Алексей Ломакин, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира Олжабаева, белсенді жастар мен “Жасыл ел” жасақтарының жауынгерлері қатысты.
Сондай-ақ Теміртау қаласының 80 жылдығына және республикалық “Таза Қазақстан” акциясына арналған Temirtay Run 2025 мерекелік жүгіру шарасы ұйымдастырылды. Бұл мерекелік жүгіруге 700-ден астам адам қатысып, “Бірлік” скверінен бастап 2,5 шақырым қашықтықты бағындырды. Ол “Металлург” стадионына дейін және кері бағытта өрбіді.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ