Халықаралық әйелдер күніне байланысты Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов бір топ аналарды қабылдап, марапаттағаннан кейін мереке салтанаты сахна төріне ойысты.

Мұнда да Ғалым Әшімов пен қалалық мәслихаттың төрағасы Алексей Ломакин бірталай аналар мен қыз-келіншектерге Теміртау қаласының Құрмет грамотасы мен қала әкімінің Алғыс хатын табыстап, әрі қарай үлкен концерттік бағдарламаға ұласты.

Мерекелік концертте теміртаулық өнерпаздармен қатар оған арнайы шақырылған Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің , Академиялық музыкалық комедия театрының артистері мен Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Болат Құсайынов өнер көрсетіп, тыңдарман қауымды тәнті қылды.

Сахнада мың бұралған “Вдохновение” мен “Глория”,”Гюзель” ,”Грация” топтарының бишілері қан қыздырып, көңіл желпінтсе, “Мерей” музыкалық мектебінің флейташылары орындаған шығармалар мен 12-ЖБОМ және Тоқтар Әубәкіров атындағы гимназия оқушыларының аналарға арнап оқыған өлеңдері, Ғазиза Жұбанова атындағы өнер мектебінің хоры мен 2-музыка мектебінің оқушылары қосыла шырқаған “Ана” әні зал толы халықты қатты тебірентті.

Халықаралық конкурстардың лауреаттары Нұрбол Темірғалиев пен Дулат Аханов, жергілікті әншілер Ольга Мулевина мен Рысты Рахымжан, Мағауия Қуатбаев, Балнұр Омарова айтқан әндер де ешкімді бейжай қалдырмады.
Теміртаудағы салтанатты кештің қонағы, елімізге танымал әнші Болат Құсайынов өзі жеке де, Ольга Мулевина мен қосылып та ән айтып, мереке шымылдығын Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік оркестрінің сүйемелдеуінде “Ана туралы жыр” әнін орындауымен жапты.
Ержан Имаш,
ТЕМІРТАУ



