АймақТеміртау

Теміртауда тұрақты даму бар

Облыстық телекоммуникациялар қызметі алаңында Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов өткізген брифингте қаланың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2026 жылға арналған жоспарлары туралы баяндалды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қала әкімі бірінші кезекте өнеркәсіп өндірісіне тоқталды. Атап айтқанда, 2025 жылы мұнда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 миллиард 252,4 миллион теңгені құрап, өткен жылғыдан 9,9 пайыз өскен. Нақты көлем индексі – 105,5 пайыз. Оның облыс өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 25,3 пайызға тең.

Ал, өңдеуші өнеркәсіп жалпы өндірістің 97,5 пайызы болып, оның көлемі 1 триллион 220,7 миллиард теңге, нақты көлем индексі 104,6 пайыз болған.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 267,5 миллиард теңгені құрап, ол өткен жылғыдан 19,3 пайыз төмендеген. Бұл «Qarmet» инвестициялық белсенділігінің төмендеуіне байланысты. Оның облыс бойынша үлесі 19,3 пайызға тең.

Инвестициялардың 242,1 миллиард теңгесі өнеркәсіп саласына, 1,6 миллиард теңгесі құрылысқа, ал 23,8 миллиард теңгесі басқадай бағыттарға жұмсалды.

Ауыл шаруашылығы саласында нақты көлем индексі 99,9 пайызды немесе 8,6 миллиард теңгені құрап, өсім өткен жылғыдан 11,9 пайыз жоғарылады.

Құрылыс жұмыстарының кө­лемі 92,9 миллиард теңгеге, нақты көлемі 138,2 пайызға жетті.
Жекеменшік есебінен 8806 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның алдындағы жылдан 36,6 пайыз кеміген.

Бұдан әрі Ғалым Әшімов осыны ескере отырып, 2026 жылға болжанған жоспарларды таныстыр­ды.
Өткен 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен 4,6 миллиард теңгенің 5 жобасы іске қосылып, қалада 107 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл жұмыс орындары осындағы «KazPromAluminum» ЖШС, «Техработы KZ» ЖШС, «Темирид» ЖШС, «My Kids», «Торговая сеть Вавилон» ЖШС, «Бетон сервис KZ» ЖШС құрылған.
Ағымдағы жылы жалпы құны 3,3 миллиард теңгеден асатын 17 жаңа жұмыс орнын құру көзделген 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, 2025 жылы басталған «ҚұрылысМет» ЖШС өндірістік желілерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобаны жүзеге асыру жалғасады. Сондай-ақ, «Central Asia Cement» AҚ цемент зауытын жаңғырту ісін бастау да жоспарлануда. Бұл жобаның жалпы инвестициялық көлемі 13,7 миллиард теңгені құрайды.

Теміртау қаласында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 11 497 болса, оларда 30 мың адам еңбек етіп, 275,3 миллиард теңгенің өнімін өндірген.

Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 2025 жылы қала бойынша 9,6 миллиард теңгеге 37 жоба қолдау тапқан. Соның ішінде субсидиялау – 8,4 миллиард теңгеге 20 жоба, жеңілдетілген несиелеу – 0,7 миллиард теңгеге – 6 жоба, ішінара кепілдік беру – 0,6 миллиард теңгеге 11 жоба.

Сол сияқты жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу құралы шеңберінде 2025 жылы «КазМетКокс» ЖШС «Директсил» кокс өндірісін ұйымдастыру» инвестициялық жобасы бойынша 69,7 миллион теңге сомасына сумен жабдықтау жұмыстары аяқталды.
Өткен жылы шағын және орта бизнесте 9 жұмыс орнын құра отырып, құны 250 миллион теңге болатын 7 шағын бизнес нышаны ашылды.

2026 жылы бұл салада құны 433 миллион теңге болатын 5 нысанда 15 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Келесі кезекте Ғалым Әшімов қалалық бюджеттің кіріс бөлігінің 2025 жылғы атқарылуы және 2026 жылға арналған жоспарлары жайлы баяндады. Яғни қала бюджетінің 2025 жылғы кіріс бөлігі 40 миллиард 102,1 миллион теңгені құрап, 2024 жылға қарағанда 9,2 пайыз ұлғайған. Ал кірістер бойынша 2026 жылға бекітілген бюджет 76 миллиард 799,1 миллион теңге немесе өткен жылғыдан 1,6 есе жоғары.

Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтаудың 50,8 шақырым жаңа желісі төселіп, абоненттердің орталық сумен жабдықтау жүйесіне 100 пайызы қосылған.

Жаңадан 38 шақырым жаңа кәріз жүйелері тартылып, қаланы газдандыру жобасы аяқталып, 2019 жылдан бері 239,8 шақырым газбен жабдықтау торабы салынып, оған 6 мың үйi қосылып, 3017 жеке және 25 заңды тұлғаға техникалық шарттары беріліп, газбен 2234 жеке және 8 заңды тұлға жабдықталған.

Жалпы ұзындығы 38,7 шақырым болатын электрмен жабдықтау­дың 4 желілік торабы салынып, 3 учаскелік магистральдық жылу жүйелерінің 4,3 шақырымының реконструкциясы аяқталып, 6,4 шақырымдық 2 учаскедегі жұмыстардың бірінші кезеңі бітіп, 8,96 шақырым құбырлар ауыстырылып, ол жұмыстар осы 2026 жылы тәмамдалмақ.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button