АймақТеміртау

Теміртауда «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті

26 қарашада Теміртау қаласында Жастар орталығында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа қала мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, «Бөгенбай батыр» жырын (жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жатқа айтудан сайысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Байқаудың ашылу салтанатында филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедғали Әбдуов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал іс-шараға арнайы келген Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Алма Шалабаева байқауда бақ сынап жатқан өрендер мен ұстаздарға рухани дем беріп, өнерлерін тамашалады.

Байқауға «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, “Qarmet” АҚ қазақ мәдениет орталығының басшысы Салтанат Бектемирова, Теміртау қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Әлкеева, педагогикалық еңбек ардагері, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Советгүл Терекбай қазылық етті.

Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.

Нәтижесінде қазылар шешімімен Теміртау қаласы бойынша үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды:

1 орын (150 мың теңге) – Ә. Бөкейхан атындағы мектептің оқушысы Кәусар Әбдімұратова, дайындаған мұғалімі – Гүлдана Айкеева.

2 орын (100 мың теңге) – Озат мектебінің оқушысы Қаракөз Жолдыбай, дайындаған мұғалімі – Маржан Айтжанова.

3 орын (70 мың теңге) – №29 мектептің оқушысы Айбек Самат, дайындаған мұғалімі – Мая Қарақыз.

Айта кетейік, Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қыркүйек айында жарияланған болатын. 6–10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың аудандық (қалалық) кезеңі 20–28 қараша аралығында ұйымдастырылуда. Ал облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.

Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жүлдегерлерді облыстық сында да бағалы сый-сияпат күтіп тұр. Бірінші орын алған оқушыға 1 000 000 теңге беріледі және Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің грант иегері атанады. ІІ орынға – 500 000 теңге, ІІІ орынға – 250 000 теңге тағайындалған.

Сонымен қатар жеңімпаз оқушыларды дайындаған ұстаздардың да мерейі үстем болмақ. Айрықша атап кетерлігі, І орын иегерінің ұстазына жеңіл автокөлік сыйға беріледі.

Жалпы, байқауға облыс бойынша мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысуда.

Жамал АҚПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button