Теміртауда суық су құбыры жаңғыртылды
Бүгін Теміртау қаласының Заводская көшесі бойындағы магистралдық су құбырын жаңғырту жұмыстары аяқталып, оның іске қосылу сәтіне қала әкімі Ғалым Әшімов пен мердігер ұйымдар өкілдері, теміртаулық тұрғындар қатысты.

Бұл көшедегі 1954 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан су құбырларының әбден тозығы жетіп, оның 3,5 шақырымын жаңғырту үшін 2024 жылы жобалау-сметалық құжаттары жасалып, ол осы Жаңа жылдың алғашқы онкүндігінде пайдалануға беріліп отыр.

Құны 693,2 миллион теңге болатын бұл жобаны жүзеге асыру барысында су құбырларының диаметрі 500-ден 650 миллиметрге дейін ұлғайтылып, өткізгіштік қабілеті арттырылып, қаланың батыс бөлігінде тұратын 18 мың тұрғынды сапалы суық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік тудырды.

Аталмыш су құбыры Нұра су тартқышының насос станциясынан басталып, “ТЭМК” АҚ арқылы өтіп, Абай көшесіндегі көтерме насос станциясына дейінгі аумақты қамтиды.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ



