Теміртауда Республика күні тойланды
Теміртау қаласының Мәдениет сарайында еліміздің бірден бір ұлттық мерекесі Республика күні тойланды. Мемлекеттік Әнұранымыз орындалып, сахна төріне Көк байрағымыз әкелінгеннен кейін мерекелік салтанатқа жиналған жұртты құттықтаған Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов:Елдігіміздің тұмары, ерлігіміздің шынары болған ұлық мерекеміз –Республика күні құтты болсын! Бұл мереке туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Республика күні–халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке” деген болатын.
“Ол халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығы мен тәуелсіздігіне қолын жеткізген ұлы күн”деп, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны және жаңа Қазақстанды құру жолындағы қажырлы еңбегі үшін теміртаулықтардың бір тобын Теміртау қаласының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Мұндай марапатқа ие болғандардың қатарында “Ақтілек” бөбекжайының әдіскері Гүлсім Шайманова, “Теміртау қаласының отбасы орталығы” КММ шаруашылық меңгерушісі Динара Жолдыбаева, 2-емхананың офтальмолог дәрігері Татьяна Юн, “Теміртау қаласының ана мен бала көпбейінді орталығы” КММ гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Сапура Қоянбаева, “Водоканал” ЖШС директорының орынбасары Константин Пиянзин бар. Ал Теміртау қаласы әкімінің Алғыс хатын Теміртау қаласының бас имамы Ақниет Темірбаев, Покровск храмының аға попы Владимир Кинзирявый, 2-емхананың медбикесі Раиса Қажығалиева, “Профиль КМК” ЖШС механикалық қызметінің бригадирі Иван Романов, Теміртау аймағы бойынша психикалық денсаулық орталығының санитары Жақсыгүл Ережепова, “Инкар–1” ЖШС металл конструкцияларын жинау жөніндегі слесары Сергей Хватов, ҚР Ұлттық ұланы 5516–әскери бөлімінің сержанты Ерсұлтан Сартбаев, “СТЭКА” ӨК құрылыс учаскесінің бригадирі Наталья Зинченко, Шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Жасұлан Қадірхан, Ескіқалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Мақпал Әбішева алды.

Сондай-ақ қала әкімі Ғалым Әшімов әлеуметтік әріптестікті тиімді жүзеге асырып, еңбек ұжымының тұрақтылығы мен өңірдің әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін “Парыз” республикалық конкурсының облыстық кезеңі бойынша “Үздік ұжымдық шарт” аталымында “Qarmet” акционерлік қоғамын да марапаттап, оны аталған кәсіпорынның басқарма бастығы Вадим Басин мен “Жақтау” кәсіподағының төрағасы Виктор Щетининге табыс етті.
Келесі кезекте Теміртау қалалық Мәслихатының төрағасы Алексей Ломакин жоғарыдағыдай жетістікке жеткендері үшін Теміртау қаласының Құрмет грамотасын Теміртау аймағы бойынша психикалық денсаулық орталығының санитары Абылайхан Құлманов, “Кораблик” бөбекжайының директоры Марина Ткачева, ҚР Ұлттық ұланы 5516–әскери бөлімінің байланы взводының командирі Азамат Бөлекбаев, 1–ЖБОМ директоры Вера Абрамова, Ғабиден Мұстафин атындағы ЖБОМ директоры Бағдат Нәшкен мен Теміртау қаласының “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының жетекші маманы Мейрам Кәрібаевқа табыстады.
Бұдан соң барлық марапатталғандар естелік суретке түсті.
Бұл мерекеге теміртаулық өнерпаздар үлкен концерттік бағдарлама әзірлеген екен. Зал толы көпшілік осы салтанаттың басынан аяғына дейін олардың өнеріне ризалықпен қол соғумен болды. Яғни “Гюзель”, “Вдохновение” ансамльдерінің бишілері мен “Жауыртау сазы” фольклорлық ансамблінің мүшелері, жеке орындаушылар Алмас Цэрэг, Елена Федорова, Денис Кудряшов, тағы басқалары айтқан әндер құлақ құрышын қандырып, мерекелік салтанат Ерлан Көкеев әуелете шырқаған “Туған жерім–Қазақстан” әнімен аяқталды.
Ержан ИМАШ
ТЕМІРТАУ