Теміртауда мыңнан астам тұрғын қақаған аязда жылусыз қалды
Кеше кешкісін Теміртауда 8-ші шағын аудан мен Отрадное көшелерін жылумен қамтамасыз ететін магистральды жылу құбырында болған апат салдарынан 40 көпқабатты үй мен ондаған жеке тұрғын үй жылусыз қалды.

– 1970 жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген құбырдың ескі учаскесі зақымданғаны анықталды. Зақымданған орын табылды, мамандар қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, апаттық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр, барлық қажетті күш пен техника жұмылдырылды, – деді қала әкімі Ғалым Әшімов.
Қалада ақауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жою жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Апаттық бригадалар үзіліссіз жұмыс істеп, тиісті техника жұмылдырылғаны хабарланды. Қазіргі уақытта барлық жөндеу жұмыстары аяқталған. Жылу трассасы толтырылуда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



