АймақБас тақырыпБасты тақырыпЖаңалықтарТеміртау

Теміртауда «Jenys cup – Огни Магнитки – 2025» халықаралық дзюдо турнирі басталды

Теміртауда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амантай Айдархановтың құрметіне арналған «Jenys cup – Огни Магнитки – 2025» халықаралық дзюдо турнирі басталды. Дәстүрге айналған бұл дода биыл да Qarmet спорт кешенінде ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсекеде еліміздің 20 өңірінен және алыс-жақын шетелдерден келген 500-ден астам жас балуан татами төрінде күш сынасуда. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне спорт шеберлігіне үміткер атағы берілмек.

 «Огни Магнитки» турнирі алғаш рет өткен ғасырдың 1970 жылдары ұйымдастырылған. Ал, 2001 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амантай Айдархановтың бастамасымен жарыс қайта жаңғыртылып, содан бері оның есімімен аталып келеді. Биылғы турнирдің ұйымдастырылуына облыстық дзюдо федерациясы, «Jenys» кәсіби спорт клубы, Qarmet компаниясы, Теміртау қаласының әкімдігі, Теміртау жастар клубы және «Шаңырақ» еріктілер орталығы тікелей мұрындық болған. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Алексей Ломакин өз сөзінде аталған түрнирге жыл сайын жаңа формат пен тың бастамалар енгізіліп, жетілдірілетінін баса айтты.

– Теміртау төрінде кезінде атағы дардай Еуропа, Азия, әлем және Олимпиада чемпиондары алғашқы белдесуін өткізген. Бұл турнир – Теміртаудың спорттық тарихының ажырамас бір бөлігі іспетті. Бұл турнир көптеген спортшылардың кәсіби мансабындағы маңызды баспалдақ саналады. Біз әрбір қатысушы үлкен спорттың рухын, жарыс татамиіндегі ерекше атмосфераны сезіне алуы үшін бар жағдайды жасадық, – деді ол.

Биыл ұйымдастырушылар спортшылардың тұрмыстық жағдайы мен қауіпсіздігіне айрықша мән берген. Қатысушылар үшін жайлы қонақүй, сапалы тамақтану, көлік қызметі ұйымдастырылған. Ал, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті жергілікті полиция қызметкерлері қамтамасыз етуде. Әуежайдан қарсы алу сәтінен бастап, финалға дейінгі барлық кезең мұқият ойластырылған. Сонымен қатар, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне «Шаңырақ» еріктілер орталығының жастары да белсенді үлес қосуда.

Турнир төрт күнге жалғасады. Алғашқы үш күн жеке белдесулер өтсе, соңғы күні  Jenys кубогы сарапқа салынады. Яғни, бұл кубокты жалпыкомандалық есепте топ жарған команда қанжығлайды. Финалдық белдесулер 2 қараша күні Qarmet спорт кешенінде өтпек.

                 Ербол Ерболат

“Ortalyq Qazaqstan”

               ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button