Республикамыз бойынша 2020 жылдан бастап қолға алынған “Халық қатысатын бюджет” жобасы Теміртау қаласында да жүзеге асырылып, жақсы нәтижелерін беруде.

Осы жоба бойынша қала әкімдігіне түскен жергілікті тұрғындардың бастамалары мен ұсыныстары халық арасында жария түрде талданып, қала дамуы мен көркейтуге арналғандары бюджеттен қаржыландырылады.

Соның барысында осы уақытқа дейін осы ұсыныстар негізінде қалада қаншама аулалар мен гүлзарлар көркейтіліп, спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңдары салынып, жабдықталған.

Соңғы екі жылда осы жобаны жүзеге асыруға қала бюджетінен 1 миллиард 156 миллион 480 мың теңге бөлініп, ол қаражат қала әкімдігі қабылдаған 23 ұсыныста көрсетілген нысандарға бағытталуда.
Енді бұл жобаның әкімшісі “Теміртау қаласының ТКШ және жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары” бөлімі биылғы 20 қаңтар мен 1 наурыз аралығында азаматтардан 2027 жылға деген ұсыныстар қабылдай бастады.
Ержан ИМАШ
ТЕМІРТАУ



