Теміртауда қаланы газдандыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба 2020 жылы басталып, Соцқалашық пен «Отрадное» шағын ауданынан бастап, Оң жағалау мен АБВ ықшамаудандарына дейінгі барлық жеке секторды қамтиды. Барлығы 6 мыңнан астам тұрғын үйді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Таратылған деректерге сүйенсек, бүгінде 3,5 мыңнан астам үй иелері табиғи газға қол жеткізген. Бұл – жоспардың жартысынан астамы екен. «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы қосылуға 2 600-ден астам техникалық шарт берілгенін мәлімдейді. Компанияның айтуынша, жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жаңа газ тарату желілері мен газ реттеу пункттері салынып, жабдықтар сынақтан өткізілу
үстінде. Тартылған желілердің жалпы ұзындығы 215 шақырымнан асады екен.
– Газдандыру – Теміртау үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Біз тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасап, сонымен қатар, экологиялық жүктемені азайтып отырмыз. Бүгінде мыңдаған отбасы заманауи әрі экологиялық таза отын түріне көшу мүмкіндігіне ие болды, – деді қала әкімі Ғалым Әшімов.
Газбен қамту жүйесі үш кезектен және сегіз іске қосу кешенінен тұрады.
«Бірінші кезек Соцқалашық пен «Отрадное» шағын ауданын қамтиды. Мұнда үйлердің шамамен 70 пайызы көгілдір отынға қосылған. Екінші кезек – Ескі қала мен Оң жағалау. Бұл аумақтарда құрылыс жұмыстары аяқталып, абоненттерді қосу кезеңі жүріп жатыр. Үшінші кезек – АБВ ықшамаудандары мен Достық төбесі. Мұнда мердігер ұйымдар желілерді тартуды және қысым сынақтарын аяқтауда. Барлық жұмыстарды жыл соңына дейін толық бітіру жоспарланған», – дейді баспасөз қызметі.
Салтанат Ілияш
“Ortalyq Qazaqstan”



