Жаңалықтар

Теміртауда газ баллоны жарылды

Теміртау қаласында көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, салдарынан 7 адам зардап шегіп,  5 бала ауруханаға жеткізілді. Төтенше жағдай бүгін, 13 наурыз сағат 13:56-да болды.

Суреттер: ТЖД

–  6-шы шағынауданда бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтерде газ-ауа қоспасы тұтанып, кейіннен өрт орын алған. Өрт Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен сағат 14:19-да сөндірілді. Жалын 6 шаршы метр аумақты  шарпыды, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі.

Пәтерде болған 7 адам, оның ішінде 5 бала әртүрлі дәрежедегі күйік жарақатын алды. Олар ауруханаға жатқызылды.

Теміртау қаласының медицина мекемелерінің мәліметінше, 7 науқас жеткізілген. Оның ішінде үлкен аумақтағы термиялық күйіктері бар 2 ересек адам жансақтау бөлімшесіне жатқызылды.

Сонымен қатар, Теміртау қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесіне газбен уланған 3 бала жатқызылған.

Бір бала медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Қарағанды қаласының облыстық балалар клиникалық ауруханасына жолданды.

Аяқ-қол күйіктері бар бір бала амбулаториялық емделуге жіберілді.

Қазіргі уақытта медициналық мекемелердегі пациенттердің жағдайы тұрақты. Реанимация бөлімдеріндегі науқастардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады.  Санитарлық авиация желісі бойынша Теміртау қаласына комбустиолог дәрігер жіберілді.

Сондай-ақ оқиға салдарынан пәтер аралық қабырға, пәтердің сыртқы есігі және кіреберістің терезе жақтаулары зақымданған.

Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері 2 қабаттан жоғары көпқабатты үйлерде газ баллонын пайдалануға тыйым салынатынын еске салады. Дұрыс жұмыс істейтін газ жабдығын ғана пайдалану қажет.

Газ жабдығы дұрыс жұмыс істемеген жағдайда мамандарға хабарласу керек. Жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізу – қауіпті.

Газ баллондары мен газ жабдықтарын тек осы өнімдерді сатуға арналған сертификаттары бар мамандандырылған ұйымдардан сатып алу керек.

Газ баллондарын ауыстыру кезінде отты, электр құрылғыларын пайдалануға қатаң тыйым салынатынын әрқашан есте сақтау қажет.

Баллонды орналастыру тәртібі:

– газ плитасынан жарты метр қашықтықта;

– кез келген жылыту құрылғысынан 1 метр қашықтықта;

– егер жылыту құрылғысы ашық болса, онда баллонға дейінгі қашықтық 2 метрге дейін болуы керек.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button