Теміртауда Ұлттық кітап күніне орай «Кітапхананың түнгі әлемі» атты мерекелік кеш өтті. Кітапсүйер қауым асыға күтетін бұл ерекше іс-шара дәстүрлі түрде 2016 жылдан бері өткізіліп келеді.
Іс-шараның басты мақсаты – оқырмандарды кітап оқуға баулу, кітапханаға тарту, кітап әлеміне деген қызығушылықты арттыру. Бұл кеште кітапхана дәстүрлі тыныштығынан арылып, шығармашылық пен сергектікке толы ашық алаңға айналды.
Кеш аясында орталық кітапхананың оқу залында «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде көркем әдебиеттен бастап, танымдық және салалық басылымдарға дейін түрлі кітаптар қойылып, оқырмандар назарына ұсынылды.
Шара барысында келушілер үшін көптеген креативті бағыттағы аялдамалар мен белсенділік аймақтары жұмыс істеді. Олардың қатарында:
• «Поэтикалық фуршет» – поэзияны сүйетіндер үшін ерекше атмосферада ұйымдастырылған әдеби аялдама;
• «Библиокафе» – жайлы ортада кітап талқылау мен еркін әңгімелесу мүмкіндігі;
• Шеберлік сағаттары – аквагрим, оригами, пасха жұмыртқаларын бояу сияқты шығармашылықпен айналысуға арналған алаңдар;
• «Әуенді тап» – музыка сүйер қауымға арналған көңілді ойын;
• «Ойын алаңы» – балалар мен ересектерге арналған түрлі үстел ойындары: Бес асық, Монополия, Библиолото, өлкетану викториналары, Твистер және басқа да танымдық ойындар.
Іс-шараға әр жастағы қала тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысып, кітапхана кешінің ерекше форматынан үлкен әсер алды. Кеш бойы қонақтар жаңа достар тауып, шығармашылық шеберліктерін дамытып, рухани байлыққа кенелді.
«Кітапхананың түнгі әлемі» – бұл тек кітап оқуға үгіт емес, сонымен қатар, кітапхана кеңістігінің жаңа қырын ашатын, қоғам мен мәдениетті байланыстыратын ерекше жоба. Мұндай бастамалар – рухани дамудың және ұрпақ тәрбиесінің негізі екені сөзсіз.
Сурет пен видео ұйымдастырушылардан