АймақБас тақырыпБасты тақырыпТеміртау

Теміртауда электр желілері жаңартылып, цифрлық жүйе енгізілуде

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Теміртау қаласында электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қалада соңғы жылдары алғаш рет жаңа электр желілерін жеткізу нысандары салынып, жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын төрт жоба іске асырылуда. Бұл жаңғырту жүйенің тұрақтылығын арттырып, қосымша 21 МВт қуат беруге мүмкіндік береді.

Сурет облыс әкімдігінен

Жобаның маңызды бөлігі – «Оңтүстік-2» қосалқы станциясына электр қуатын есептеу және бақылаудың автоматтандырылған жүйесін (ЭҚЕБАЖ) енгізу. Бұл Теміртаудағы электр желілерінде алғаш рет қолданылып отырған цифрлық жүйе. Ол нақты уақыт режимінде артық жүктеме, ақау немесе заңсыз қосылу салдарынан туындайтын шығындарды анықтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда қалада 10 ЭҚЕБАЖ шкафы орнатылған. Жүйе электр энергиясын тұтынуды бақылап, технологиялық және коммерциялық шығындарды азайтуға, сондай-ақ электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға бағытталған.

Сонымен қатар жаңа желілер 3,4 және 5-шағын аудандарға тартылып, қыс мезгілінде жиі болатын электр үзілістерінің алдын алуға жағдай жасайды. Жуық арада басқа бағыттар бойынша да жаңғырту жұмыстары жалғасады.

Электр желілерін жаңарту және цифрлық есеп жүйесін енгізу Теміртауда сенімді әрі ашық энергетикалық инфрақұрылым қалыптастыруға жол ашады.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button