Теміртауда қайта өңделген материалдардан қолғап шығаратын өндіріс іске қосылды
Теміртауда Qarmet өнеркәсіп кластері аясында алғашқы өндірістік жоба іске қосылды. Жоба қайта өңделген материалдардан өндірістік қолғап шығару бағытына арналған.

Жоба Qarmet Service базасында ТОО «GLOVEX» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – өнеркәсіптік қолданысқа арналған трикотаж қолғаптарды жергілікті жерде өндіру және ел ішінде қосымша құндылық қалыптастыру. Бұл Qarmet компаниясының өнеркәсіптік кооперацияны дамыту стратегиясының маңызды бөлігі саналады.

Өндірістің басты ерекшелігі – жабық цикл экономикасы қағидаттарын енгізу. Шикізат ретінде қайта өңделген текстиль қалдықтары, соның ішінде пайдаланылған арнайы жұмыс киімдері қолданылады. Бұл қалдық көлемін азайтып, экологиялық жүктемені төмендетуге және тұрақты жергілікті жеткізу тізбегін құруға мүмкіндік береді.
Qarmet компаниясының стратегиялық даму директоры Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, жоба ең алдымен компанияның жеке қорғау құралдарына деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге бағытталған.

– Алдағы уақытта өндіріс қуатын кезең-кезеңімен арттырып, өнімді Қазақстандағы өзге де өнеркәсіптік кәсіпорындарға жеткізу жоспарланып отыр. Жобаның тұрақтылығы ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар арқылы қамтамасыз етілген, – деді ол.
GLOVEX компаниясы текстиль қалдықтарын қайта өңдеу және дайын өнім шығару саласында маманданған. Кәсіпорын шикізатты өңдеуден бастап дайын өнімді қаптауға дейінгі толық өндірістік циклмен қамтылған.
Қазіргі таңда өндірістік қуат 80 заманауи автоматты қамтып, айына 300 мың жұп қолғап шығаруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті айына 1 миллион жұпқа дейін арттыру көзделіп отыр.
Болашақта жоба аясында қолғаптың өзге түрлері мен жеке қорғау құралдарын өндіру жоспарланған. Бұл бастама отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға және тұрақты өндірістік инфрақұрылым қалыптастыруға қосымша серпін береді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz


