Биыл Теміртауда 53 шақырым жол жөнделеді деп жоспарлануда. Орталық магистраль мен орамішілік өткелдер қайта жаңартылмақ. Аймақ басшысы Ермағамбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен металургтер қаласына барып, жұмыс барысымен танысып қайтты.

Бір айта кететіні, қала ішіндегі жолдарға алғаш рет ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әрі №1, 2 және 3 жылу желісінде ауыстыру жұмыстары, сонымен қатар, 29 шақырым жылу желісі жөнделеді.
– Біз 53 шақырым жолды жөндемекпіз. Орталық көшелер мен орамдарды, аула аумақтарын асфальттаймыз. Жолдардың нашар учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бір кездері «Оқжетпес» және «Аква-Трейдингтің» су құбырларындағы апаттар жойылған жерге асфальт төселеді, – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы Ескендір Қабидолла.
Қала тұрғындарының сұранысын ескере отырып, 30 ойын алаңы мен 10 футбол корты орнатылатын болды. Одан бөлек, тренажерлар, орындықтар және басқа да спорттық алаңдар ашылады.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Металлург» стадионы мен «Жастар» бассейнінде және «Строитель» спорт кешенінде болды.
– Барлығына жөндеу жұмыстары қажет. Нысандар үлкен болғандықтан, соғұрлым қаражат та көп кетеді. Биылғы бассейндегі желдету жүйесі мен терезелері ауыстырылады, – деді Ермағамбет Бөлекпаев.
Стадион мен бассейнді Теміртау қаласы әкімдігінің балансына беру мәселесі көтерілді. Ал, бұл жөндеу жұмыстары үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге үлкен мүмкіндік екендігі айтылды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz