Теміртауда 1000-ға жуық абонент табиғи газға қосылды
Энергетика министрлігі өңірлерді газдандыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстарды жүргізуде.

Осы жұмыстың нәтижесінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ Теміртау қаласындағы «Соцгород» тұрғын алабының бір бөлігін табиғи газға қосуды аяқтады. Жоба «Сарыарқа» магистральды газ құбырының I кезеңінің III іске қосу кешені аясында жүзеге асырылды.
Нәтижесінде «Сетевой» және «Теміртауский переулок» аудандарын қоса алғанда, шамамен 1 мың абонент табиғи газға қол жеткізді. Жоба аясында ұзындығы 28 шақырымнан асатын газ тарату желілері тартылып, 13 заманауи газ реттеу пункті орнатылды.
Газдандыру тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, қатты отынды пайдаланудан туындайтын зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға оң әсер етеді.
Жалпы, бүгінде Теміртау қаласында 6 мыңға жуық абонентті қосуға мүмкіндік беретін 237 шақырым газ құбыры салынды. Оның ішінде 2,3 мың абонент табиғи газға қосылған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



