Теміртау жылыту маусымына дайын ба?
Жылыту маусымында жүйеде көптеген олқылық пен апаттар орын алмауы үшін қыстың қамын жазда ойлап, ертерек қамданған дұрыс. Теміртауда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарының барысы жөнінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа жұмыс сапары кезінде баяндалды.
Басты назар жылу магистральдарын жаңартуға бағытталды. Мичурин көшесінде ұзындығы 4,1 шақырымды құрайтын үшінші жылу құбыры қайта салынуда. Сондай-ақ, қыста жылу шығынын азайтып, тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Құрылысшылар даңғылындағы желілер де жаңартылып жатыр.
ЖЭО-2 станциясында №5 қазандық пен №1 турбинаға күрделі жөндеу аяқталды.
Қазіргі таңда №6 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілуде, ал жуық арада тағы бір қазандық ағымдағы жөндеуге шығарылмақ.
Жылыту маусымы басталғанға дейін төрт қазандық толық дайын болады. Бұл қалаға жылуды үздіксіз беруге мүмкіндік жасайды.
Ескі қаланы жылумен қамтып отырған ҚарМАЭС-1 станциясында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Мұнда №9 және №11 қазандықтарында жөндеу аяқталды. Қазан айының соңына дейін №10 қазандық іске қосылмақ. Жылыту маусымын қалыпты өткізу үшін бір қазандық жеткілікті болғанымен, кәсіпорын алдын ала екі қазандықты дайындап қойды. Ал, қысқы ең суық кезеңге дейін барлық қазандықтың жұмысқа қосылуы жоспарланып отыр.
29 тамыздан бастап №8 турбинаға күрделі жөндеу жүргізіледі.
Биыл Теміртауда 21 шақырым магистральдық және шамамен 8 шақырым аулааралық жылу желілері жаңартылмақ.
Сонымен қатар, су құбыры мен кәріз жүйелерін жөндеу жұмыстары да қатар жүргізілуде.
– Биыл жергілікті бюджет есебінен ұзындығы 3,5 шақырым болатын Заводская көшесіндегі су құбыры қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл Соцгород пен қаланың орталық бөлігіндегі тұрғындарға ауызсу қысымын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Теміртау әкімі Ғалым Әшімов. – Бұдан бөлек, ұзындығы 87,9 шақырымды құрайтын жаңа су құбыры желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Ал, су бұру жүйелері бойынша 57,5 шақырымдық желі салынуда, оның 46,4 шақырымы бүгінде аяқталды. Барлық жұмыстар жыл соңына дейін толық бітеді деп жоспарланып отыр.
Қалада алғаш рет электр беру желілерінің құрылысы қолға алынды. Ұзындығы 37 шақырым болатын төрт жаңа жоба электр энергиясын тұрақты жеткізіп, желілердің өткізу қабілетін арттыруға ықпал етпек.
Ақтау кентінде де жұмыстар белгіленген кестеге сай жүргізілуде: мұнда қазандыққа жеткілікті көлемде көмір қоры жиналған, жабдықтар жаңартылуда.
Облыс әкімі барлық жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтап, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.
— Теміртау әкіміне 20 қыркүйекке дейін барлық жоспарланған шараларды, соның ішінде жүйелерді гидравликалық сынақтан өткізуді аяқтауды тапсырамын. Ең басты міндет – көпқабатты тұрғын үйлерді уақытылы қабылдап алу. Коммуналдық кәсіпорындар жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Ал білім беру, мәдениет және спорт нысандарының басшылары 1 қыркүйекке дейін ғимараттарды дайындап, дайындық паспорттарын рәсімдеп, отын қорын толықтыруы қажет. Бұл мәселе ерекше бақылауда болады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА