АймақТеміртау

Теміртау жылудан тарықпайды

Былтыр қыс ортасында оқыстан жылусыз қалған Екібастұз өзге өңірлерге сабақ болғандай. «Бұл жағдай мемлекеттік органдар мен табиғи монополия субъектілерінің жылу маусымына жауапсыз қарайтынын көрсетті», – деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Металлургтер қаласында тек өткен жылыту маусымында 400-ге жуық апат орын алған. Сан қорқыныш ұялатады. Келер қыс қынжылтпас үшін даярлық тастүйін болу қажеттігін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қадап ескерткен еді. Кешегі кеңес үкіметінде орнаған жылу құбырларының 70%-ға жуығының әбден тозығы жеткен көрінеді. Қала билігі осы олқылықтың орнын толтыруға мүдделі. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз турында Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков бұл бағыттағы атқарылып жатқан істердің бір парасына тоқталып өтті.

Теміртау қаласы жылу
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алдымен апатты нүктелер тіркеліп, биылғы жөндеу бағдарламасының тізіміне енгізілген. Гәп – жылу желілерін барынша жаңарту қажеттігінде. Ал, жаңартылатын құбырлардың жалпы ұзындығы – 34 шақырым шамасында. Межеленген жұмыс басталып та кетті. Әр учаскені бөліп алған мердігер компания өкілдерінің жылу құбырларын жаңартып жатқан қам-қарекетіне тілшілер қауымы куәгер болды. Мәселен, 14 шақырым жылу желісі монополист – «Оқжетпес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкершілігіне жүктелді.

– Жөндеу жұмысы жергілікті әрі республикалық қазынадан қаржыландырылады. Қарастырылатын қаржы көлемі 5 млрд. теңгеден асты. Республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге, қалған қаражат қала бюджетінен жұмсалуда. Үшінші магистральда құбыр жеткізуде екі апталық кідіріс болды. Жұмыс кестесіне тиісті өзгерістер енгізілді. Қаладағы жылу желілеріміздің жалпы ұзындығы – 425 шақырым болса, биыл 34 шақырымды жаңартып жатыр­мыз. Жылу желісін жаңартуда жоспардың 50%-ы орындалды. Тағы бір мән берерлік мәселе – кейбір тұрғындар мен қоғам белсенділерінің «үй жертөлесіндегі құбырлар ескірген, магистральді жаңартқанымен, мәселе түбегейлі шешілмейді» деген сынды уәждері. Ол – негізсіз. Жылыту желілерін жаңарту жұмыстарын AMANAT партиясы және қоғамның сенімді өкілдері тікелей тексереді. Жылдамдық та, сапа да маңызды. Жылу құбырлары заманауи қалыпта полиэтиленді материалдармен қапталды. Бұл өз кезегінде құбырдың тот баспауына кепіл, – дейді Ораз Қайсаұлы.

Былтыр №1 жылу магис­тралінде жылу тапшылығы орын алды. Биыл аталған аумақтың екі учаскесін – Республика даңғылында және Абай көшесінде – бір мердігер – «НұрайСтрой» компаниясы жөндеп жатыр. Бұл аумақта 2,4 шақырым құбыр жаңартылады.

– Металлургтер қаласындағы Амангелді көшесінде 1800 метрлік 531 құбырға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 500 метрге дейінін еңсердік. Бұдан бөлек, жолдың жиектерін абаттандырамыз. Құбыр полиуретанмен оқшауланған. Полиэтиленді қабықшасы бар. Арнайы сымдары автоматты түрде апат шыққан жерден хабар алуға мүмкіндік береді. Әр құбыр қашықтан басқару жүйесімен жабдықталған. Егер құбыр­дан кенеттен ақау шықса, сигнал бірден орталық басқару бөлмесіне өтеді. Пайдаланушы ұйымда қашықтан басқару құралы болады, ол апат болған орынды бірден анықтауға және оны жоюға мүмкіндік береді. Әзірге мұндай диспетчерлік бөлме Теміртауда жоқ. Қысқасы, жаңа технология жылу сапасын арттырады. Әлбетте, құрылыс бағасы жыл сайын шарықтағанымен, көпжылғы келісім жұмысымыздың жүйелі жүргізілуіне кепіл болып тұр, – деп түсіндіреді компанияның техникалық директоры Ержан Молдыбаев.

Мердігер отандық өндіруші – астаналық компания өнімін пайдаланады. Мұндай құбырға 30 жыл кепілдік беріледі.

Бірақ, тек құбырларды жөндеумен шектелуге болмайды деп есептейді Теміртау әкімі. ҚарГРЭС-1 және ЖЭО-2 жылу көздерін жаңарту маңызды. Олар өндіретін жылу энергиясының көлемі қаланың барлық нысандарын жылыту үшін жеткіліксіз. Жалпы тап­шылық – 200 Гкал.
– Мәселенің бірнеше қыры бар. Қазір ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың құрылысы жүруде. Әзір кестеде ауытқушылық бар. Жеке сектор мен жекелеген заңды тұлғаларды газдандыру жалғасуда. Жылу желілерін ауыстыру 30%-ға жетеғабыл жылу шығынын азайтады. 2024 жылы ҚарГРЭС-1-ден «Республика-Төлеба­ев» қиылысына дейінгі жаңа жы­лу магистралінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Ораз Тәуірбеков нық сеніммен.

Үшінші магистраль бойындағы Металлургтер даңғылынан Теміртау көшесіне дейінгі аралықта да жылу желілері тұтастай ауыстырылып жатыр.

– Жаңа құбырлар қажетті көлемде жеткізілді. Өзімізге жүктелген жұмыс көлемін тамыз-қыр­күйек айларында тапсырып қаламыз, – дейді «Таир» ЖШС мердігер компаниясының ресми өкілі Асылбек Жантұрсынов.

«Қыстың қамын жаз ойла» де­ген. Қамданыс бар. Қамданыс со­ңы таңданыс тудырмаса болғаны.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button