АймақБас тақырыпБасты тақырыпТеміртау

Теміртау жоғары политехникалық колледжінде су орталығы ашылды

Теміртау жоғары политехникалық колледжінде Қазақстандағы алғашқы мамандандырылған «AquaLab» Су шаруашылығы орталығы ашылды. Бұл – еліміздің су шаруашылығы саласындағы айтулы оқиға. Білім мен ғылымды, тәжірибені бір арнаға тоғыстырған орталық елдің су ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық маңызы бар бастама болып отыр.

Сурет облыс әкімдігінен

Бүгінгі күні Қазақстан тұщы су қоры азайып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қажеттіліктерінің артуы, климаттың өзгеруі мен құрғақшылық, суармалы және гидротехникалық жүйелерді жаңғырту қажеттілігі секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Мұндай жағдайда мәселенің шешімін табатын кәсіби мамандарды дайындау – басты міндет. Индустриалды аймақтар үшін инженер-гидротехник мамандары өте қажет. Сондықтан, ел экономикасының тұрақты дамуы үшін су үнемдеудің заманауи тәсілдерін меңгерген кадрларды даярлау аса маңызды болып отыр. Теміртау жоғары политехникалық колледжінде басталған игі жоба осы үдеден шықты. Аталған орталық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған су ресурстарын ұтымды пайдалану және осы салаға қажетті білікті кадрларды даярлау қажеттілігіне қарай ашылғанын атап өткен жөн.

«AquaLab» орталығы тек дәрісхана емес, оның құрылымына гидротехникалық құрылыс және мелиорация
зертханасы, су ресурстарының сапасы мен құрамын талдау зертханасы және заманауи оқу-практикалық  база мен зертханалық стендтер енді. Мұнда студенттер де, қайта даярлаудан өтетін мамандар да су үнемдеудің заманауи технологияларын меңгеріп, нақты жобаларды әзірлеп, саланың практикалық мәселелерін шеше алады. Бұл білім мен өндірістік тәжірибені ұштастырады, түлектердің еңбек нарығына
жақындығын арттырады. Маңызды бастамада өнеркәсіп пен ғылым тоғыспақ. Орталықтың ашылу салтанатында колледж бен саладағы ірі ұйымдар, атап айтқанда, «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» РМК
«Қазсушар» филиалы, Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК ҚФ, Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Қарағанды су қоймалары» мекемелері арасында меморандумға қол қойылды. Бұл серіктестік білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтуіне, инновацияларды енгізуге және түлектердің жұмысқа орналасуына жол ашады. Политехникалық колледж сонымен қоса, Орталық Қазақ ұлттық су шаруашылығы және
ирригация университетімен және Қытай Халық Республикасының оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып отыр. Бұл колледжге халықаралық тәжірибе алмасуға, тағылымдамалардан өтуге және жаңа
ғылыми әдістемелерді енгізуге мүмкіндік береді. Теміртауда ашылған Су шаруашылығы орталығы – индустриалды аймақ үшін ғана емес, еліміздің су қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағытталған
алғашқы қадам. Ұлттық деңгейде ашылған «AquaLab» орталығы еліміздің басқа да өңірлеріндегі су шаруашылығын дамытуға үлгі болмақ.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ 
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button