Теміртау ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың құрылысы қалай жүріп жатыр?
Теміртауда ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың құрылысы жалғасуда. Станция басшылығының ақпараты бойынша барлығы кесте бойынша жүріп жатыр.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев “АрселорМиттал Теміртау” АҚ ЖЭО-2-де болып қайтты. Аймақ басшысы жетінші қазандық салынып жатқан құрылыс алаңына барды.
Содан кейін компанияның бас директоры Владимир Яблонскийдің қатысуымен кеңес өткізді.
– Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Конвективті бөлік толығымен жинақталған. Енді біз электр бөлігіне арналған науаларды дайындап жатырмыз. Біз кабельдік өнімдерді таратамыз. Қазандық оттығын монтаждауға дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді ЖЭО-2 директоры Сергей Кривов.
Оның айтуынша, жалпы көлемнің шамамен 70%-ы орындалған. Құрылысшылар тәулік бойы, күндізгі және түнгі ауысымда жұмыс істейді.
Сондай-ақ, облыс әкіміне ЖЭО-да алдағы жөндеу науқаны туралы баяндалды. Жұмыс жоспары бекітілді, қаржыландыру бөлінді, деп сендірді Владимир Яблонский.
Бірінші қазандыққа кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Келесі аптада жұмысты бастау көзделіп отыр.
Кеңесте айтылғандай, биыл ЖЭО-2 – де екі қазандықты күрделі жөндеу жоспарланған – № 4 және 5. Жұмыс маусым айында басталады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz