АймақТеміртау

Теміртау жастарына тарту

Теміртау қаласында тағы да облысымызда тұңғыш рет Жастар орталығы ашылды. Салтанатқа облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп, орталық ғимаратын аралап көріп, қала жастарымен жүздесіп, әңгіме құрды.

Сурет облыстық әкімдік сайтыннан алынды

Жаңадан ашылған Жастар орталығының 1965 жылы салынған екі қабатты ғимараты бұрын Е.Бөкетов атындағы университеттің колледжі бөлімшесіне тиесілі болатын. Ол 5-6 жыл қаңырап, бос тұрғаннан кейін қала әкімдігі былтырдан бері қалпына келтірудің 666,8 миллион теңгелік жобасын жүзеге асыруды қолға алып, бұл жұмыстарды «Балқаш Жібек жолы» ЖШС атқарып шыққан екен. Аумағы 2201,78 шаршы метрден тұратын нысанның айналасы асфальтталып, абаттандырылып, сырты сайдингпен қапталып, іші қажетті құрал-жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз етіліпті. Енді теміртаулық жастар осында келіп, бос уақытын мәнді де мазмұнды өткізе алады. Олар коворкинг, экология, КВН, тіл үйрену, жас отбасыларды қорғау, медиасауаттылық, саз студиясы, инклюзивті білім кабинеттерінде өздерінің ой-өрісі мен қабілетін дамытып, шеберлігін шыңдайды. Оларға құрамында педагогтар, психолог, заңгер, дәрігер, жаттықтырушы бар 34 адам қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, оның жуынатын, киініп-шешінетін бөлмелері мен асханасы да бар.

– Жастар орталығы үшін дәл осы жерді таңдағанымыз тегін емес, – деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев.

Себебі, оның маңайында қаламыздағы Қарағанды индустриалдық институты мен 4 колледж, бірқатар мектептер орналасқан. Сондықтан, студенттер мен оқушылар үшін бұл өте қолайлы.

Сол күнгі салтанатқа арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков әуелі екі қабатты ғимаратқа орналасқан кабинеттерді аралап, қызметімен танысып, жастармен тілдесті. Атап айт­қанда, шығармашылық сессиялар кабинетінде қыз-жігіттердің гитарамен қосыла шырқаған әнін тыңдап, теміртаулық КВН-шілермен және жас экологтармен сөйлесті.

Осыдан кейін облыс әкімі акт залында қаланың белсенді жастарымен кездесіп, олар қойған сұрақтарға бүкпесіз жауап берді. Сол сұрақтардың бірі – «Әкім болу қиын ба?». Оған қайтарған жауабында Ермағанбет Қабдулаұлы: – Әрине, оңай емес. Мен бұған дейін Астана қаласында үш ауданның, Қарағанды қаласының әкімі болғанымда және қазіргі облыс әкімі қызметімде кезек күттірмейтін проблемаларды шешіп, халықпен бірлесе жұмыс істеуді мақсат етіп, «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген қағиданы берік ұстанамын, – деді.

Келесі бір «Қаламыздың жастарына қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?» деген сұраққа, облыс әкімі олардың мақсатшыл, ізденгіш, білімді болып, кітапты көп оқу керектігін, өзі соңғы кезде Черчилльдің соғыс туралы кітабын оқып жатқанын айтты. Сол сияқты ол ашық та еменжарқын әңгіме барысында, бос уақыты аз болса да, футбол ойнап, жаттығу залына барып, кітап оқуды ұнататынын жасырмады.

Кездесу соңында Ермағанбет Қабдулаұлы Жастар орталығына ашық аспан астындағы кинотеатр сыйлап, жастармен бірге естелік суретке түсті.

Облыс әкімі аттанып кеткен соң салтанат одан әрі жалғасып, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев қаланың белсенді жастарына қала әкімінің Алғыс хаттары мен 100 мың теңгелік ақша сертификаттарын табыс етті. Марапатқа ие болғандардың арасында Түркиядағы жер сілкінісінің зардабын жоюға қатысқан Айдар Шорманов, қалалық көпсалалы аурухананың эпидемиолог дәрігері Юрий Никулин, «Шаңырақ» волонтерлік орталығының атқарушы директоры Ділназ Серікова, теміртаулық КВН Лигасының басшысы Алексей Ли, «Газель» үлгілі би ансамблінің жетекшісі Айымгүл Нұғымарова, «ҚарМет» АҚ ЛПЦ цехының слесарь-жөндеушісі Жомарт Рамазанов, Теміртау техникалық-экономикалық колледжі директорының орынбасары Жұлдыз Мұхамедина, бокстан ҚР чемпионатының жүлдегері Дәулет Күмісбаев бар.

Теміртауда Жастар орталығының ашылуына байланысты өткен салтанатты жергілікті «Айвори бэнд!» тобының өнерпаздары қорытындылады.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button