Теміртау жайлы қалаға айналады
Теміртауда инженерлік инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылып, жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық нысандар қайта жөнделуде. Биыл 5 шақырымға жуық жылу желісі жаңғыртылып, су құбыры мен электр желілерін тарту жұмыстары қарқын алған. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау тұрғындарымен кездесуде осы және өзге де өзекті мәселелерді талқылады деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

– Біз үшін басты басымдық – сенімді жылумен қамтамасыз ету және тұрғындардың жайлы өмір сүруі. 2022 жылдан бері Теміртауда магистральдық жылу желілерін кезең-кезеңімен қайта жаңарту жүргізілуде. Биыл шамамен 5 шақырым желі жаңғыртылды. Жыл соңына дейін үш жоба бойынша жұмыстар аяқталады.
Келесі жылы тағы екі жоба – Мичурин, Ушинский көшелерінде және Бейбітшілік даңғылында іске асырылмақ. Сондай-ақ, су құбыры желілерін қайта құру және жаңа желілер салу бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Біз «Қарағанды-Теміртау» су құбырын қайта жаңарту жобасын бюджеттік несие түрінде қолдадық. Бұл бастама қаланы тұрақты әрі үздіксіз сумен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімінің айтуынша, қаланы газдандыру жұмысы да жалғасып жатыр. Биыл үшінші іске қосу кешені аяқталып, нәтижесінде 2000-нан астам жаңа абонент табиғи газға қосылады.
Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын баяндап өтті. Оның айтуынша, өнеркәсіп, ТКШ, медицина, білім және тұрғын үй құрылысы салаларында өсім байқалады.
– Қалада 160-тан астам өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Онда шамамен 20 мың адам еңбек етеді. 9 айда 944,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға көп. Негізгі капиталға 151,2 млрд теңге инвестиция тартылды, өсім 62 пайызды құрады, – деді Ғалым Әшімов.
Сондай-ақ, қалада шағын және орта бизнес өркендеп келеді. Алюминий профилін, тау-кен қазбаларына арналған анкерлік бекітпелер мен темір-бетон бұйымдарын шығаратын жаңа өндірістер ашылуда.
Тұрғындар да кездесу барысында өз пікірлерін білдіріп, нақты аулалар мен көшелердегі мәселелерді көтерді. Әсіресе ТКШ мен абаттандыру бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды. Ақтау ауылындағы тұрғындар орталық қазандықтың құрылысын асыға күтіп отыр. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Қаржы бөлінген соң құрылыс басталмақ.
Жиында өрт сөндіру депосының қажеттілігі де сөз болды. Бұл нысанның құрылысына қатысты өтінім орталық уәкілетті органға жолданған. Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Салтанат ІЛИЯШ
«Ortalyq Qazaqstan»



