АймақТеміртау

Теміртау тағы түлейді

Облыстағы бұқаралық ақ­парат құралдарының өкіл­дері Теміртау қаласында өткізген баспасөз турында осында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жолдардың жөнделу жағдайымен танысты.

Суретті түсірген автор

Ең бірінші кезекте олар бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін терезелерге арнайы қорғаныш торларын жасап жатқан жеке кәсіпкер Ақылжан Елеуғазиннің жұмыс орнына барды. Қаланың тұрғын аймағынан бір гаражды жалдап отырған ол 2024 жылы қалалық Мансап орталығынан 1 миллион 476 мың теңгенің грантын ұтып, соған қажет кесу, дәнекерлеу, ию жабдықтарын сатып алған көрінеді. Содан бергі мезгілде Ақылжан осы қала мен облыстың басқа да аймақтарынан келіп түсетін тапсырыстар бойынша көпқабатты үйлердің терезелеріне темір, алюминий, тағы да басқа материалдардан қорғаныш торларын даярлап, оларды орнатып берумен айналысуда. Бұған дейін Астана қаласындағы «Бала қорғау» компаниясында жұмыс істеген оның бұл істе тәжірибесі мол.

Мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған әкенің идеясымен қолға алынған бұл шаруа бүгінде аса маңызды. Өйткені елімізде ата-аналардың қарауынсыз қалып, биік үйдің терезесінен құлап кеткен бүлдіршіндер саны жыл сайын көбеймесе, азаймай тұр. Аяқты балаға пластик терезелердің тұтқалары мен оған қойылған москит торлар сенімді қорған бола алмай, соңы өкінішті жағдайға соқтыруда. Егер қайғылы статистикаға жүгінсек, өткен 2024 жылы республикамызда 223 баланың терезеден құлап кету оқиғасы тіркелген. Соның біразында баланы періштесі қағып, аман қалса, кейбірінде жарақаттануы мен өліп кетуі өкінішті-ақ.

Теміртау қалалық Мансап орталығының директоры Мақсат Төлеубаевтың айтуынша, 2024 жылы жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтағы жандарға Еңбек тұғырнамасы арқылы осындай және басқа да жобалары үшін 400 АЕК мөлшеріндегі 10, ал, биыл 15 грант беріліпті.

Баспасөз турына қатысушылар келесі кезекте Теміртау қаласындағы Металлургтер даңғылындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда су, жылу құбырлары ауыстырылып, аяқжолдар, веложолдар, көлік жолы жөнделіп, жарықтандырылып, демалыс орындары мен балалардың ойын алаңдары салынуда екен. Бұл жұмыстар қазірде Бейбітшілік көшесінен Республика даңғылына дейінгі аралықта жүргізілуде.
Ал, Республика даңғылының өзіндегі 93 мың шаршы метр жол аумағының күрделі жөндеуін былтырдан бері «Райс. kz» ЖШС атқарып жатса, осы серіктестіктің учаске бастығы Сергей Акопян бұл жұмыстарды осы мамыр айының аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырғанын айтады. Сол мақсатқа жету үшін қазір нысан басында бір-бірден асфальттөсегіш және сутасығыш машиналар, 8 жүк көлігі мен 3 жолтегістегіш, 15 адам жұмылдырылған.

Қалада жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Сол бойынша қалалық әкімдік тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, өткен жылдан бастап, 70-орамдағы 12 «а» үйдің маңын абаттандырып, балалардың ойын және демалыс алаңдарын салып, айнала жолдарына жиектастар төсеп берген.

Қаладағы көңіл сүйсініп, көз қуантарлық бұл жұмыстар биыл да жақсы жалғасуда.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button