АймақТеміртау

Теміртау спортшыларына қала әкімінің сыйлығы табысталды

Теміртау қаласының Мәдениет сарайында спорттың әр саласы бойынша топ жарған жерлес спортшыларына жылдағыдай қала әкімінің “Алтын самғау” сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұл салтанатқа Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, теміртаулық саңлақ спортшыларды жыл ішіндегі жетістіктерімен құттықтап, оларға “Алтын самғау” сыйлығы мен тиісті ақша сертификаттарын табыс етті.

Атап айтуымыз керек, теміртаулық спортшылардың спорттағы табыстары Қазақстан ғана емес, шет елдерде де кеңінен танымал. Мәселен, биыл Еркебұлан Қанафин төртінші рет сурдолимпия ойындарының чемпионы атанса, соңғы екі жылда Теміртау қаласының спортшылары арасынан Әлемнің 7 чемпионы мен жеңімпазы, Азия ойындарының 2 чемпионы, Әлем кубогінің 2 чемпионы мен 1 жүлдегері, жасөспірімдердің олимпиададалық ойындарының 2 жүлдегері, Азия ойындарының 35 чемпионы мен 20 жүлдегері шыққан. Бұдан бөлек 12 спортшы Қазақстан чемпионы болып, 12 адам Жастардың алтыншы республикалық ойындарында чемпиондық тұғырға көтеріліп, 4 адам түрлі жүлдеге қол жеткізіпті.

Міне, осынау жетістіктері үшін Теміртау қаласы әкімінің дәстүрлі “Алтын самғау” сыйлығы 2025 жылы Болгарияда өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Әділжан Жаудинов, 2024 жылы Қырғызстанда ересектер арасында болған Азия чемпионатында биатлон бойынша чемпиондыққа жеткен Владислав Киреев, шайбалы хоккейден Азия чемпиондары Владимир Гребещиков пен Артём Лихотниковке, тағы да басқа бірнеше спортшыға берілді.

Қала әкімінің “Алтын самғау” сыйлығын теміртаулық спортшыларға тапсыру салтанатында жергілікті өнерпаздар сахна төрінен рухты әндер шырқап, би биледі.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button