Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов осындағы Мәдениет сарайының би залында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өндірісте, бизнесте, әлеуметтік салада табысқа қол жеткізген аналарды қабылдады.

Салтанатты қабылдау кезінде оған арнайы шақырылған 18 адам олар үшін жайылған дастарқан басына жайғасып, мерекелік құттықтау мен марапатқа кезек берілді.

Жиналғандар алдында сөйлеген қала әкімі Ғалым Әшімов өзінің құттықтау сөзінде: –Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Халқымыз ежелден аналарды ардақтап, әйелдердің рөлін жоғары бағалаған. Олардың көпшілігінің есімі тарихқа алтын әріптермен жазылған” деп атап өткендей, сіздер қандай да құрмет пен қошеметке лайықсыздар . Көпшілігіңіз әр салада жетістіктерге ие болумен қатар өскелең ұрпақты тәрбиелеп те отырсыздар. Өздеріңіз–біздің қоғамның тірегі және қасиетті шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі десіздер,–деді де, осынау нәзікжандыларға тиісті марапаттары мен гүл шоқтарын және Француз сауда үйінің сертификаттарын тапсырды.

Атап айтқанда Теміртау қаласының Құрмет грамотасы осы өңір бойынша психикалық денсаулық орталығының басшысы Жібек Нұржанова, Ресурстық тілдер орталығының директоры Гүлнар Әшімбаева, “Qarmet” АҚ қызметкерлер жөніндегі директоры Вера Терешкина, Мәдениет сарайындағы шығармашылық топ қатысушысы Жанна Мұқажанова, “Qarmet” АҚ еңбек ардагері Светлана Рябова, қалалық Көші-қон полициясының аға инспекторы Айнұр Тәжібаева, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Айгүл Сыздықова, Қарағанды индустриалдық университеті HR бөлімінің басшысы Гүлнара Әбілдинова, қалалық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Екатерина Құдайбергенова, қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Әсем Жұмабекова, Жоғары политехникалық колледж жатақханасының коменданты Фанзила Үкітаева, Жастардың V азиялық паралимпиялық ойындарының жеңімпазы Карина Жұмабаева мен жеке кәсіпкер, “Sound”, “Study-O” студиясының вокалдық жаттықтырушысы Ольга Мулавинаға табыс етілді.

Ал Теміртау қаласы әкімінің Алғыс хаты қала прокуратурасы бөлімінің аға прокурорлары Айнура Бекенова мен Айжан Баймағамбетоваға, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің әдіскері Эльмира Түсіпова мен қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Ульяна Базароваға берілді.
Бұдан кейін қабылдау салтанатын жүргізушілер Ардабек Октябрь мен Алексей Добров марапат иелерінің әрқайсына жеке-жеке тақалып, шағын сұхбат құрса, “Вдохновение” тобының билері, халықаралық конкурстардың лауреаты Дулат Аханов, жергілікті өнерпаздар Ғалымжан Мәліков пен Ольга Мулевина, осы мерекеге арнайы шақыртумен келген Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Болат Құсайынов шырқаған әндер оларға мерекелік шаттық сыйлады.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ



