Теміртау қаласы 80 жылдық мерейтойын атап өтеді
Биыл Теміртау қаласының құрылғанына 80 жыл толды. Мерекелік іс-шаралар 28 қыркүйек, жексенбі күні өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын жәрмеңкелер мен көрмелер, концерттер, түрлі шоу-бағдарламалар мен мерекелік отшашу күтеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаланың тарихы 1905 жылдан бастау алады. Сол жылы қазіргі Теміртаудың орнында Самарқан кенті құрылған еді. 1945 жылдың 1 қазанында елді мекен қала мәртебесін алып, Теміртау атауына ие болды. Кейін металлургия саласы шаһардың экономикасы мен тағдырының өзегіне айналды. Бүгінде 180 мыңнан астам тұрғыны бар қала – түрлі этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан еңбек ордасы.
Мерейтойдың басты сахнасы – «Бірлік» алаңы. Мерекелік бағдарлама таңертеңнен кешке дейін жалғасады:
• 11:30 – «Бақытты бала» бағдарламасы. Балаларға арналған ойын-сауық, шеберлік сабақтары, қуыршақ кейіпкерлер мен аниматорлардың қойылымы.
• 12:00 – қолөнер жәрмеңкесі, «Теміртау: кеше және бүгін» фотокөрмесі, мұражай экспозициясы мен өнер көрмелері.
• 13:00 – жастарға арналған би сайыстары, диджей-сеттер, арт-аймақтар, граффити және фотоаймақтар.
• 13:00 – «Қауіпсіз елдің тірегі» арнайы қызмет техникасының көрмесі. Әскерилер, полиция, құтқарушылар мен дәрігерлер техникасын таныстырады.
• 17:00 – негізгі мерекелік бағдарлама. Театрландырылған қойылым, «Туған жерге тағзым» концерті, спорттық және интерактивті шоулар.
• Кешкі концертте – Қайрат Нұртас, Қайрат Баекенов, «Формат» тобы, Kalifarniya, Жанар Дұғалова және Sadraddin өнер көрсетеді.
• 22:00 – мерекелік отшашу.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА