Жаңалықтар

Темірқазық

Белгілі қаламгер, публицист Қалиакпар Әбілдиннің туғанына – 90 жыл

Әкем, марқұм Қалиакпар Әбілдин – менің өмірімдегі ең биік тұлға. Ол ешқашан боқауыз сөз айтып, жүрекке дақ түсірмеген, жалған сөзге жаны қас, әділдік пен кішіпейілділікті өмірлік серік еткен адам еді. Балалық шағымнан бастап, өмірге деген көзқарасым мен ұстанымымды әкем қалыптастырды. Ол үнемі «Ешкімге өкпелеме, ешкімнің өкпесін қабылдама» дейтін. Бұл сөздер маған өмірлік темірқазыққа айналды.

Отбасының ортасында

Бір оқиға әлі күнге дейін жүрегімде ерекше орын алады. Ол кезде мен мектеп оқушысымын. Мектеп ғимаратының жанында орналасқан «Жаңаарқа» газетінің редакциясында әкем жұмыс істейтін. Бір күні мектептен шықсам, редакция алдында әкемнің қызыл «Жигулиі» тұр. Жанымдағы сыныптастарыма мақтанышпен:

– Сендер бара беріңдер, мен үйге әкемнің машинасымен қайтам, – дедім.

Іштей қуанып, редакцияға кірдім. Әкем кабинетінде отыр екен.

– Не істеп жүрсің? – деді ол.

– Сіз түскі асқа бармайсыз ба? Үйге көлікпен жетіп қалайын деп едім, – дедім мен.

Сонда әкем маған сабырмен, бірақ мағынасы терең сөз айтты:

– Балам, сен күнде үйге көлікпен қайтып жүрсің бе? Ал, дос­тарың ше? Олармен бірге жүр. Әлі ұзамай тұрғанда жетіп ал, – деді.

Бұл сөздер сол сәтте қарапайым көрінгенімен, мен үшін өмірлік сабақ болды. Әкем маған бір ғана мысалмен – адам бойындағы қарапайымдылықтың, көптен бөлінбеу­дің, ешкімнен артық емеспін деп ойлаудың қандай маңызды екенін ұғындырды.

Содан бері мен өзгелерден биік көрінуді емес, адам болуды мақсат еттім. Қайда жүрсем де, кіммен бірге болсам да, әкемнің сол бір жылы сөзі мен ақылы жол көрсетіп тұрды. Ол мені сөзбен емес, әрекетімен тәрбиеледі.

Ағатайым – мен үшін жай ғана әке емес, тұтас бір өнеге, адами биіктік еді.

Нұрлан ӘБІЛДИН,
Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button