Темірғали Көкетайдың үйі

Бізден басқа ел қатарынан озып туған ұлдарын басына көтереді. Құдайы көршіміз орыстарға қараңыз. Жарық дүниеден көшкен озық ойлы ұлдарын о дүниеге қол шапалақтап шығарып салады! Онысы «Сен орыс халқының ары мен ұяты, ожданы болып едің! Сенің біздің топырақтан туғаның – Тәңірінің таңдауы! Құдай бізге сендей ұл берді! Тәңіріңе тәубе!» – дегені.
Біз көштен қалған ел екенбіз. Алашының азаттығына бола, өмірін құрбан етіп, еліне жетпіс жылдан кейін әзер оралған Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермековтердің қадіріне әлі жеткен жоқпыз. Олардың қасиетін түсініп, қадіріне жетем дегенше, зу етіп, 30 жыл өтіп кетті… Әлі де сол уақыт зырылдап өте беретін секілді мына бетте.
Қазақтың ХХI ғасырдағы ұлы физигі, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетайдың фәниден бақиға кеткеніне кешелі, бүгін бір жылдың жүзі болды. Күні кеше ғана Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «мұнда Темірғали Көкетаев қызмет еткен» деген тақта қойылды. Осымен бітті… Ебіней қуғынға түскенде, ұлы ғұламаның қасында қалған университеттегі жалғыз ғалым осы кісі еді!
Орыстар Пушкиннің сүрініп кеткен жеріне де ескерткіш орнатады! Бізде Алаштың айтулы ақыны Тұманбай Молдағалиевтің ескерткіші жоқ әлі. Біздің буын пір тұтқан, әлі де қаншама өрен пір тұта беретін, қайран, Тұмаға!..
Осындайда Ресейдегі Лев Толстойдың Ясная Полянадағы мұражай-усадьбасы еске түседі. Ол осы жерде туып, «Соғыс және бейбітшілік» дәуірнамасы мен «Анна Каренина» романдарын жазған. Мұражай Ресей Федерациясы үкіметінің шешімімен Мәдениет министрлігінің қарамағына берілген. Аумағы 400 гектар жерді алып жатыр.
Еуропада Кафканың үйі тұр. «Чехтар Франц Кафканың тұрған үйін жазушының мұражайына айналдырыпты», – деп жазып еді бір кезде қазақтың сыншыл ойының алдыңғы легіндегі Амангелді Кеңшілік. «Кафканың үйін ХVІІІ ғасырда Страхов деген монахтар салған екен. Кейін ол үй қиратылып, ондаған жылдардан соң қайта қалпына келтіріліпті. Қазір бұл ғимаратта ұлы жазушының мемориалдық тақтасы ілініп тұр. Мұражай үлкен емес, шағын ғана. Мұражайдың алдында орта жасқа келіп қалған толық әйел Кафканың суреті салынған киім-кешек пен төсбелгілерді сатып, сауда жасап жүр. Жазушы тұрған үйдің босағасынан аттаған кезімде қатты тебіреніп, жүрегім атша тулап қоя берді. Расымен де, әлемдегі ең атақты жазушылардың бірі – Франц Кафканың шаңырағына келіп, шынымен де оның ұстаған дүние-мүліктерін өз көзіммен көріп тұрмын ба деген ой сезімімді дірілдетіп, мұражайдағы жәдігерлерге сенімсіздікпен қараймын…».
Бізде Қараойда Махамбет моласы, Жидебайда Абай мұражайы, Қарасазда Мұқағали, Ақтауда Әбіш Кекілбайдың орталығы тұр. Қарқаралыда Қасымды еске салатын түк те жоқ?! Қарағандыдан Қасым үйін көтеріп едік, оның сырты – Қасым да, іші – бірдеңе…
Қазақтан пайғамбар тумады демесең, ақ маңдайы жарқыраған алыптың бәрі туған! Олардың бәрі елім деп туған ерен ер еді! Елінің еріне деген ілтифат-құрметі көңіл көншітпей жатыр ғой, бірақ…
Өтер уақыт өтті. Енді өрелі елдерге, жан-жағымызға қарап, есімізді жиюымыз керек! Күндердің бір күні тағы бір есерсоқ ел тізгінін қолына ұстап, «Темірғали Көкетай деген кім? Оның Қарағандыға қатысы қанша?» демесі үшін Қарағандыдағы ғұмырының соңғы жылында Темірғали Көкетай тұрған үйді ұлы физиктің мұражайына айналдыруымыз керек! Темаға-Темірғали Көкетайдың Альберт Эйнштейн мен Андрей Сахаровтан несі кем?! Бәрі дайын тұр. Тек облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ескерткіштер қорғау қоғамының қарамағына алып, осы мұражайға бір-екі штат бөлсе, жетіп жатыр.
Темаға дүниеден қайтатын күннен бір күн бұрын екеуміз Астанада бірге болып, емен-жарқын сырласып едік. Ол физик болғанына өкініп өтті. Қарағандыдағы мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне назаланып, қазақ тілі қоғамын құрып, біраз жұмыс істеді. Ақиқатты аһ ұрып іздеп, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Оппозициялық «Ақжол» партиясына барды, одан таба алмай, шақша басы шарадай болған. «Қазаққа физиктің түкке де керегі жоқ екен, ақын керек, сен керек екенсің! Менен сен биікте тұрсың!» деді! Мен мақтау-мадақтаудан кенде пенде емес едім. Бірақ, ұлы физиктің осы сөзін естігенде, арқам шымырлап кетті.
– Менің көрмегенім жоқ қой! – деді. – Өзің білесің, бір ұлым бір жендеттердің қолынан жазықсыз жазым боп кетті. Бір ұлым Америкада. Әнуар деген немерем бар еді, енді соны қазақша тәрбиелеп, қазақ қызына үйлендіріп, қолыма алсам, арманым болмас еді. Мен Алланың сүйген бір құлы екем, – деді бір кезде ұзақ уақыт үнсіз қалып. – Бәйбішем қайтыс болып, жер ортасына келгенде жалғыз қалып едім, Алла маңдайыма Майраны жазып қойған екен. Сол менің қайғы-шерімді ұмыттырып, қолымды жылы суға малып отыр. Тәңірге тәубе!
Сол аяулы жеңгемізді Темірғали Көкетай мұражайының иесі ғып қойса, бар шаруа өз орнына келер еді!
Темірғали Көкетайдың мұражайында Ғасыр адамына қатысты барлық құжат, дүние-мүлік көзіміздің қарашығындай сақталып тұруға тиіс! Кембридж университетінде оқылған лекциялары, әлем физиктерінің ой-пікірлері, Е.Бөкетов университетіндегі жүрген-тұрған сәттерінің бейнелері, ұстаған заттары сақталуы керек. Мұның бәрі ұрпақтан-ұрпаққа көзайым болуы үшін!
Қайтыс болды деген қаралы хабарды ести салып үйіне жетіп барсам, профессордың үстелінің үстінде менің «Адамзатнама» деген баспадан жаңа ғана шыққан кітабым жатыр екен…
Хош, Темаға!
Темірғали Көкетаев заманында
жазылған бір өлең
Физика-математика – несібеңіз,
Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.
Бірақ, аға, есебін мына қудың,
Сіз шығара алмайсыз – кешіріңіз!
Бұл шайтанның есебі жан улаған,
Шығара алмай, ел естен тануда, аға:
Амалында қосу мен көбейту жоқ,
Бөлу ғана – мұныкі,
Алу ғана!
Мен түгілі көктегі Құдайға анық,
Көз атаулы барады лайланып:
Бөлу менен алудың күні туды,
Көбейту мен қосуың былай қалып.
Өз есебін шығармай қоймайды бұл,
Біз – етекте,
Төбеден ойнайды құр:
Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжнүнін,
Елді – есалаң тобыр деп
ойлайды бұл?!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ