Телефон терроры тізгінделді
Кеше полицияға Қарағандының орталық әмбебап дүкеніне жарылғыш зат қойылғаны жайлы хабар келіп түскен. Мұндай ақпаратты облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан ҚҰДИЯРОВ растады.
Ақпаратқа сүйенсек, кеше, 13 қаңтар күні сағат 10.01-де «102» телефонына белгісіз ер адам хабарласып, орталық әмбебап дүкенге жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған.
Бірден әлгі дүкенге барлық төтенше қызмет жіберіліп, ғимаратынан 400-ге жуық адам көшірілген.
Тәртіп сақшылары қылмыскердің ізін суытпай қолға түсірді. Ол – Қарағанды қаласының 25 жастағы тұрғыны екен. Нәтижесінде, сағат 11.10-да орталық әмбебап дүкенге қайта кіруге рұқсат беріліп, дүкендегі сауда-саттық жалғасын тапты.
Енді, ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.