Тектілік пен ептілік
Бүгін – қазақ халқы үшін айтулы күн. Өйткені, осыдан 27 жыл бұрын, анығы 1991 жылы 2 қазан күні тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВ «Союз ТМ13» ғарыш кемесімен жеті қат көкке самғады. Қазақ жерді қоршаған бүкіл дүниені – Ғарыш деп атаған. Мен үшін сол тылсым әлемге жол салған көкеміз Тоқтар бір өзі ғарыш сынды. Алаш пен Ғарышқа алтын көпір болған көкемнің көңіл көкжиегі шексіз. Сондықтан, Ғарыш пен қазақ батыры Тоқтардың есімі қатар айтылуы – заңдылық.
Өткен күннің өткелінен өтіп кеткенімізбен өзегі қалады. Алыста жатқан көкке көз тікккен ауыл баласының арманы аласармады. Көзсіз ерлік жасады. Оңғарбайдай әкеден небары 7 айлығында қалып, өмір өзін талай сіліккен. Қайсарлық деген мәңгілік күштен өнеге алған жан жығылмады, қайта еңсесін тіктеді. Өмір сынағының өзін сілкіп тастайтын жігерінің барлығынан болар. Барлық адамның балалық арманының шыңына жеткен қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер жөнінде қаншама ерлікке толы әңгімені құлағым естіді.
Батырдың 50-ден астам жаңа ұшақтарды сынақтан өткізіп, өз ісінің маманы екендігін танытқаны таңдай қақтырды. 1986 жылы «Тбилиси» авиакрейсеріне «МИГ-29К» дыбыстан жылдам ұшатын ұшағын қондырып алып, сол кемемен әлемде тұңғыш рет трамплиннен ұшып шықты. Ептілік деп осыны айт. Осы батырлығы үшін Тоқтар Әубәкіровтің есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. Осылайша, туған елінің, туған жерінің мерейін тасытып, беделін өсірді.
Ғарышқа ұшуға Тоқтар ағамызға үш рет ұсыныс жасалыпты. Үшінші ұсынысты Елбасы жеке қабылдауына шақырып айтқан екен. «Тоқтар, халқымыз бұл күнді 30 жыл күтті. Әзір қолымызда тұрған ғарыштық технологияның барлығы біраз уақыттан кейін ешкімге керексіз күйінде қалады. Ғарышқа халқың үшін ұш!» деген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі намысын қайрап, жігерін жани түссе керек-ті. Сол кезде қазақтың қамын жеуге қашанда дайын екенін жеткізгені тектілік емей немене?! Сертке берік Батыр Тоқтар, Анатолий Арцебарский, аустрия ғарышкері Франц Фибек «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен алдарына қойған мақсатты орындап, жерге қайтып қонды. Ғарышта өткерген мерзімі – 7 күн 22 сағат 13 минутты құрады.Тоқтар Оңғарбайұлы – КСРО-ның 72-ші, әлемнің 256-шы ғарышкері атанды. Егер шындығына келсек, Тоқтар ағамыз – қазақтың ғана емес, күллі түркі халықтарының тұңғыш ғарышкері.
«Ұлтым» деген ұлағатты ұлдың болмысы осындай-ақ болар. Турашылдық, Адалдық, Адамдық – батырдың бет-бейнесі. Арғымақ атқа мінсе де қарашадан адаспайтын нағыз ұлтжанды қалыбынан ажыраған емес.
Аяғын жерге, арқасын елге тіреген, кісілік пен іріліктің қадірі мен қасиетін тең ұстаған жаны жайлау, көңілі ояу ағаның 2 қазан – екінші рет өмір есігін ашқан күні.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»