Ақтоғай

 Тектілік бар тегінде

«Адам – өз өмірінің сәулетшісі» дейді халық даналығы. Иә, даналар да, қаралар да мейман болып өткен мына жалғанда әркім өз өмір соқпағын салады. Оның мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір егесінің қарым-қасиетіне тікелей байланысты. Айналасына қашан да тек мейірім шуағын шашып, ғибратты ғұмыры үлгі аларлық жандардың бірі, мемлекеттік қызметтің майталманы – Қойшыбек Рысбеков. Оның көңіл көмбесінде адами құндылықтардың бәрі орныққан. Көкірегі сара жанның көргені көп, түйгені көлкөсір. Бұл әріптес, замандастарының берген бағасы.Өткен өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болған көшелі ғұмыр иесі Қойшыбек Жақыпбекұлы бүгінде 64 жасқа толып отыр. Ол 1956 жылдың 19 сәуірінде Сарытерек ауылында дүние есігін ашты. Бала кезінен қандай істі қолына алса да оған үлкен жауапкершілікпен қарайтын, елгезек, еңбекқор жігіт боп ержетті. Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген жақсы бір тәмсіл бар. Бекзат болмысты Қойшекеңнің «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген ұстаныммен өсуі әрине әке ұлағаты мен ана тағылымының жемісі. Әкесі Жақыпбек Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан жан. Ол кісі 1933 жылдары Қарқаралы қаласындағы (Жившкол) арнаулы мектепте 3 жыл оқып, білім алады. Оқуын аяқтаған соң аудандық жер бөлімінде қызмет жасайды. Қызыларай колхозының Қарқаралыдан Қоңырат ауданына ауысқанда комиссия құрамында болған екен. Соғыстан кейінгі жылдары Ұлы Октябрь, Каганович колхозында басқарма, тұтыну қоғамында басқарма бастығының орынбасары болып қызмет атқарған, еліне сыйлы болған жан.

Өткен күн – тарих. Келмеске кеткен кезеңге көз жүгіртсек, Қойшекең де өз замандастары секілді балғын балалықтың дәмін татты. Тоқырауын бойында асыр сап, қазақы салт-сананы санасына сіңіріп өсті. 1963 жылы Сарытерек орта мектебінің табалдырығын аттап оқушы деген мәртебеге ие болды. Бастауышта октябрят болып, бес жұлдызды значокты кеудесінде жарқыратты. Пионерлер қатарына алынып, алқызыл галстук тағынып, «Біз пионер, біз ертеңгі, ерлеріміз ұлы істің» деп әндетті. Комсомолға қабылданып, «Комсомолдар жас қайраты елімнің» деп ұран салды. Мектеп Дружина советінің председателі де болды. Иә, осынау өскелең ұрпақ бойына тек адамгершілік пен шыншылдық қасиеттерін дарытқан заманның Қойшекең секілді перзенттері елі үшін қызмет етуі хақ. Он жылдықты ойдағыдай аяқтаған соң кейіпкеріміз ауданда тұңғыш құрылған Қабдыраш Тұяқбаев жетекшілік жасаған «Жалын» комсомол жастар бригадасында аға шопан болып еңбек жолын бастайды. Одан әрі Отан алдындағы азаматтық борышын атқарған соң, 1978 жылы Талғар қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына түсіп, оны агроном-ұйымдастырушы мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Содан кейін «Ақтоғай» совхозында спорт методисі, Сарытерек ауылдық кеңесі клуб үйінің меңгерушісі, «Қаратал» совхозында комсомол комитетінің секретары болып еңбек жолын жалғастырды.

«Сол кезде 6 комсомол жас шопандар бригадасы жұмыс жасап, «Қаратал» совхозының тасы өрге домалап тұрған кез еді. Совхоз директоры марқұм Орал Шахуов, ауылдық кеңес төрағасы Ораз Нөкешов, бүгінде еңбек зейнеткерлері Сәбит Әбдібаев ауылдық партия ұйымының хатшысы, Мұқсин Кәрімов Кәсіподақ комитетінің төрағасы еді. Сол жылдары «Шалқар» мәдени-үгіт бригадасы облыстық байқау жеңімпазы атанып, республикалық байқауға жолдама алды. Осы істе Аманолла Шайбеков ағамыздың еңбегі ерекше. Төккен тер, жасалған еңбектің арқасында «Шалқар» республикалық байқаудан бірінші орынды жеңіп алды. Ауыл өнерпаздарын облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Лосев қабылдаған еді», – деп еске алады өткен өмір жолын парақтай отырып. Қойшыбек аға 1980 жылдан 1984 жылдың 6 наурызына дейін «Ақтоғай» совхозында бастауыш комсомол ұйымында хатшы болды. Қашанда қоғам жұмысын, мемлекет мүддесін жоғары қоятын жалынды жастың еңбегі ескерусіз қалмады. Комсомолдағы ұйымдастыру жұмыстары үшін екі рет Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің, үш рет облыстық комсомол комитетінің және ВЛКСМ Орталық Комитетінің «Құрмет» грамоталарымен мара

патталды. Еңбекқорлығы мен табандылығы, тапсырылған істі жоғары жауапкершілікпен атқаратын Қойшекеңді аудан басшылығы 1984 жылы «Қызыларай» совхозына бас агроном қылып жібереді. Мұнда Нілтай Мәжманов, Аман Мәжманов, Сапарғалы Баймұқанов, Ақмыс Бекмағанбетов, Ескелді Аятбеков, Қасым Жұмабеков сынды ел ағаларымен үзеңгі қағыстырып еңбек етті. «Бертін келе «Ақтоғай» совхозы Кәсіподақ комитетінің төрағасы болдым. Бұл «Ақтоғай» совхозы Одақтың (ВЦСПС) ауыспалы қызыл туын жеңіп алған жылдар еді. Сол кезеңдерде орта мектеп, сауда орталығы, емхана салынды. Ауыл ажарының артып, сәулетінің еселенуіне совхоз директоры Мұхамедия Шардарбеков, партком хатшысы Зейнолла Құдашбаев, ауылдық кеңес төрағасы, марқұм Шынарбек Игенов, бас есепші Қайдар Ақтайбековтердің еңбегі ерен. Мұнан соң, яғни 1993 жылдары Ақши ауылына ауылдық кеңес төрағасы болып ауысып бардым. Осы жылдары Алматыдағы Қазақтың Еңбек Қызыл ту орденді ауылшаруашылығы институтынан ғалым-агроном мамандығын алып, 1995 жылдың сәуір айына дейін Тоқырауын кеңшарында бас агроном, ал совхоз тарағаннан кейін шаруа қожалығының мүшесі болдым, – дейді қызметтік жолдағы естеліктерді ой елегінен өткізген кейіпкеріміз. 1998 жылдан 2007 жылға дейін орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінде орманшы болып еңбек етті. 2007 жылдан бері мемлекеттік қызметке араласып, Сарытерек ауылы әкімі аппаратында бас маман, Шабанбай би ауылының әкімі қызметін абыроймен атқарды. Ұйымдастырушылық қабілеті мықты іскер азамат ел алғысына бөленді. Бүгінде туған жері Сарытерек ауылдық округінің әкімі болып еңбек етуде. Ұстанған бағытында «Үлкенге ізет, кішіге құрмет» көрсетуді – тәрбиенің бастауы деп білген Қойшыбек Жақыпбекұлы өз ортасында зор беделге ие. Сонымен бірге ол жастармен өмірлік тәжірибесімен аянбай бөлісті. Қасындағы жандарға қызметте жүріп тіршіліктің тірегі – иманды адам мен ибалы адам және осы бес күндік жалғанда өмірдің мәні мансапта емес, мақсатта екенін әлі күнге түсіндіріп келеді. Келесі кезекте қызметінде абыройлы еңбек еткен Қойшыбек ағаның отбасылық өміріне тоқталсам деймін. Шаңырағының ақылшысы, арқа сүйері ағамыз болса, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен, түн ұйқысын төрт бөлген жеңгеміз бақшагүл екеуі бірін-бірі демеп, сүйеу бола біліп, өмір бойы ынтымағы жарасқан, үлгілі отбасына айналған. Осындай тәрбиелі отбасында өскен балалары Қадыр Рысбеков филология ғылымдарының кандидаты, профессор, І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінің, жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру орталығының директоры. Ал, келіншегі Айжан Сапарғалиева осы университеттің мұғалімі, докторанты. Зәмзагүл Рысбекова – «Балқаш өңірі» газетінің корректоры, оның жұбы Ерсін Жұмаділов теміржолшы. Дәуір Жақыпбеков – «Балқаш Су Жылу Транс» мекемесінде гидротехник, келіншегі Айжан Сатаева – дәрігер. «Өнегелі отаудың – өрісі кең» демекші, осындай өмірден өз орнын тауып, бір-бір шаңырақтың иесі атанған балаларына қарап, Рысбековтер отбасы – сыйластығы мол, ауызбіршілігі берік орныққан әулет деген тұжырымға келдім. Иә, өмір жолы бәріне бірдей тақтайдай тегіс бола бермейді. Біле білсек, адамның тағдыры да өз қолымен жасалады. Ең бастысы, өмір жолында, тағдыр жазуында кездескен қиындықтарға мойымаған адам аңсаған арманы мен көздеген мақсатына жетеді. Бүгінгі әңгіме арқауына айналып отырған Қойшыбек Рысбеков – өмірдің ыстығы мен суығын, бейнеті мен зейнетін қатар көріп, Құдай қосқан қосағымен бірге немере сүйіп, берекелі де мерекелі ғұмыр кешіп отыр.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button